Былтыр Қазалыда 16 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді
Бюджет кірісін ұлғайтудың бірден бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы орайда өткен жылы Қазалы ауданының кәсіпорындарында 12,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызға артық. Бұл туралы oldkaz.kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айталық, 2018 жылы ауданның өнеркәсіп саласына 2,9 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 153 пайызға (1 млрд. 904,8 млн. теңге) орындалды.
«Бүгінгі таңда ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда 8958 адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2018 жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркелді. Нәтижесінде 847 адам жаңа жұмыс орнын тапты. Бұл 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге немесе 247 кәсіпкерге артық. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келер болсақ, жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалармен 494 адам кәсіпкерлік негізде оқыды. 2018 жылы мемлекет тарапынан 243 адамға 1 млрд. 664 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойынан аудан кәсіпкерлерінің 3 сервистік қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 2 жобаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», – дейі аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Айта кетейік, өткен жылы Қазалыда 16 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілсе, биыл жаңадан 28 кәсіпкерлік нысан ашылады деп жоспарлануда. Осындай жобалардың нәтижесінде 2018 жылы сауда нүктелеріндегі бөлшек сауда айналымы 7 млрд. теңгені құраған.