Қызылордалық шенеунікке пара ұсынған ойын бизнесін ұйымдастырушы сотталды
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азамат Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің лауазымды тұлғасына пара ұсынған, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қызылорда қаласының тұрғыны А.Цой заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруда департамент қызметкерін «қамқорлық көрсетуге» үгіттеген. Сөйтіп, оған 250000 (екі жүз елу мың) теңге пара ұсынған сәтінде ұсталған.«Цойға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, айыптау актісімен прокуратураға жолданған. Өткен жылдың аяғында №2 Қызылорда қалалық сотының шешімімен бұл азамат ҚР ҚК 307-бабы 2бөлігі 2-тармағымен және 367-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айрылды және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды», – дейді облыстағы мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Қ.Ахметов.
Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды қызметкерлері тарапынан заңға қарсы әрекеттер байқалған жағдайда Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасына 23-81-91 телефоны арқылы хабарлауға болады.



















