Сырдарияда 1122,6 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Бүгін Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жерді тиімді пайдалану мақсатында өткен жылы аудан бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінен барлығы 14 тұлғадан жалпы көлемі – 1122,6 гектарды құрайтын 15 жер учаскесі аудан әкімдігінің қаулысымен мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Ауыл шаруашылық жерлерін нарықтық айналымға енгізу бойынша 2018 жылы сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы жалпы көлемі – 11 000 гектарды құрайтын жер учаскесі ауданның босалқы жерлері санатынан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланған болатын. Осыған сәйкес, өткен жылы 4 сауда-саттық (аукцион) өткізіліп, аудан халқының көпшілігінің өтініші бойынша жалпы көлемі – 12 085 гектар жер учаскесі 20 жылға жалдау құқығымен сатылып, ауылшаруашылығы айналымына енгізілді. 2018 жылы өткізілген сауда-саттық нәтижесінде аудандық бюджетке 35 млн.430 мың қаржы түсті, – деді аудан әкімі.