Қазалы тұрғыны көзін көгерткен кісіге кешірім берді
Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы М. Әйтеке би кентіндегі «505» кафесінің жанында Ш.-ны себепсізден-себепсіз көзінен ұрып көгерткен. Жөн-жосықсыз таяқ жеген жәбірленуші құқық қорғау органына арызданады. Соның негізінде іс қозғалды.
«Сот отырысы барысында жәбірленуші мен сотталушы дауды медиация тәртібінде реттеу туралы өзара келіскен жазбаша келісімді сотқа ұсынды. Сот қаулысымен ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған М.-ның жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты, ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігінің негізінде сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды», – делінген аудандық сот таратқан ақпаратта.
Қаулы заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, аудандық сотта аталмыш қылмыстық іс электронды нысанда қаралды.