Консультативтік-кеңесші органның төрағасы сайланды
Бүгін облыстық Полиция департаментінің мәжіліс залында Консультативтік-кеңесші органның отырысы өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыста 2019 жылға Консультативтік-кеңесші органның төрағасы және мүшелері сайланды. Яғни, төрағасы облыстың құрметті азаматы Нұрмұрат Ерманов тағайындалды. Мүшелері қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Абдрахманов, «Қызылорда жастары» қауымдастығының төрағасы Бауыржан Мәстеков, сонымен қатар Департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы мен қызмет сала басшылары тағайындалды. Отырыста полицияның жұмысын жақсарту, полицияны халыққа жақындату және халықтың сенімін алу, полиция қызметінің өзекті мәселелері туралы халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу мәселесі қаралды.
Отырыс төрағасы Нұрмұрат Ерманов қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлеріне қатысты сыни материалдардың жарияланып жатқандығын, былтырғы жылы осындай 7 деректің тіркелгенін, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар атқару керектігін айтты. Консультативтік-кеңесші орган мүшелері өз ойларын айтып, алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасап, өз ұсыныстарын енгізетіндерін айтты.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2015 жылғы 05-желтоқсандағы «Аумақтық ішкі істер органдары жанындағы Консультативтік-кеңесші органдар туралы үлгі ережені бекіту туралы» №995 бұйрығына сәйкес, Қызылорда облысы полиция департаменті жанынан ұсынымдық сипатта шешім шығаратын Консультативтік-кеңесші органы құрылған. Аталған орган қызметінің мақсаты, ІІО-на олардың қызметінің айқындылығын қамтамасыз етуге ықпал ету, қызметтік этика нормаларын бұзған ІІО-ры қызметкерлерінің қатысты түскен арыз-шағымдарды қарау болып табылады.