Қызылордада ауруханаға өз аяғымен барған бойжеткен көз жұмды
Қызылорда облысында дәрігер боп жұмыс істеген бойжеткен ауруханада көз жұмды. 22 жастағы Нұркерім Тұрманова ауруханаға өз аяғымен барған. Алайда он күннің ішінде аяқ-қолы істемей қалыпты. Оны медицина қызметкерлерінің өзі де мойындап отыр. Ал марқұмның туыстары оның өліміне ақ халаттыларды кінәлайды. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

«Екі күннен кейін жансақтау бөліміне жатқызады, екі күннен кейін мен жоқпын», – деді. Мен сенбедім. Жансақтау бөліміне жатқызды. Екі күннен кейін қайтыс болды. Қызылорданың облыстық ауруханасына қоятын кінәм жоқ. Аудандағыларды кінәлаймын», – дейді марқұмның әкесі Қали Тұрманов.
Нұркерім өз ажалын сезгендей болды деген ата-ана ауруханаға өз аяғымен келген қызымызды қинап, өлімші етіп шығарды, дейді. Алайда аудандағы дәрігерлер қызға тиісті ем жүргізіліп, облыстық ауруханаға денсаулық орташа деңгейде жіберілгенін айтып отыр.
«Орташа деңгейде жіберілді. Қан қысымы, дене қызуы тұрақты болды», – дейді Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Зәуреш Тілепбаева.
Ал Қызылорда облыстық медициналық орталығынындағылар Нұркерімнің ауыр халде түскенін айтуда.
«Науқастың түскендегі халі ауыр болды. Аяқ-қолын көтере алмады, көзінің көрмейтінін айтып шағымданды», – дейді облыстық медициналық орталық директорының орынбасары Алмас Әбілпатта.
Бірі орташа халде кетті десе, бірі жағдайы ауыр болды деген екі ауруханадағылар да 22 жастағы қызды аман алып қала алмады. Ал қызымыздың өліміне дәрігерлерді кінәлаған ата-ана құзырлы органдарға жүгінбекші.