Мүгедектерге қызмет көрсететін жеке көмекшілердің қызмет ақысы көбейді
Облыстағы 1300 жеке көмекшілердің қызмет көрсету уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, қызмет ақысы 16 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін көтерілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Бірінші топтағы мүгедектерге қызмет көрсететін жеке көмекшілердің қызмет ақысын қайта қарау мәселесі облыс әкімінің тікелей қолдауымен өз шешімін тапқан. Жеке көмекшілердің қызмет ақысын көтеруге облыстық, Қызылорда қалалық және аудандық бюджеттерден қосымша 162 млн. теңге қаражат бөлінді.Сонымен қатар, басқарма үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз байланыста. Өткен жылы 240,5 млн. теңгеге 15 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың жұмыспен қамту, әлеуметтік әлсіз топтарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қылмыстың алдын алу және қоғамдық келісімді нығайту мәселелерін шешуде маңызы зор.
"Мәселен, «Сыр мейірімі» жобасы аясында күнделікті сапалы тамақтануды қажет ететін 225 жалғыз басты қарттар, мүгедектер, өзін-өзі күте алмайтын науқас және аз қамтылған азаматтар 33,2 млн. теңгеге 54521 түскі ыстық тамақпен қамтылды. Жазасын өтеп келгендермен жұмыс жасайтын Үкіметтік емес ұйым арқылы 948 адамға әлеуметтік қызмет көрсетілді. Брайль компьютерлік сауаттылыққа оқыту жобасы аясында 40 көз мүгедектері Брайль жүйесіндегі компьютерлік тифлокешен жиынтығымен жұмыс жасауды, Брайль қағазын пайдаланумен мемлекеттік және орыс тілдерінде жазуды үйреніп, куәлік алды", - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев.
Сондай-ақ, мүгедектерді қашықтықтан оқыту және жұмыспен қамту жобасы аясында 50 мүгедек «Жиһаз өндіруші», «Пластикалық бұйымдар», «Фото-видео монтаж ісі», «Іс жүргізу» мамандықтары бойынша қашықтықтан оқытылды. «Мүмкіндігі шектеулі балаларға Иппотерапия қызметін көрсету» әлеуметтік жобасы аясында психоневрологиялық ауытқулары және тірек-қимыл аппараты бұзылған 120 мүгедек бала оңалту шаралар курсынан өтті.