Қазақстанда өткен жылы оқушылар арасында 3156 қылмыс тіркелген
Соңғы уақытта мектеп жасындағы балалардың бұзақылық жасау дерегі жиілеп кетті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Әсіресе оқушылардың бірін-бірі ұрып соққаны туралы видео әлеуметтік желілерде таралып, елді елең еткізуде. Осыған байланысты ІІМ Үкімет жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын шұғыл шақыруды ұсынды. Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, өткен жылы оқушылар арасында 3156 қылмыс тіркелген. Бұл – төбелес және өзге де құқық бұзушылықтарды қоса алғандағы мәлімет. 2017 жылғы жағдаймен салыстырғанда, не кеміп не артпаған. Қазір мәселені шешу ведомствоаралық комиссия дейгейінде қаралуда. Сонда айтылған ұсыныстардың бірі – психологтардың жүктемесін азайту. «Бұл олардың тәртібі нашар оқушылармен жеке жұмыс жасауына жол ашады», – дейді жиналғандар.
Ержан Ерсайынов, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
– Жеті мыңнан астам мектеп болса, сол мектептерде 8 мың психолог жұмыс жасап жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша әр 350 балаға бір психолгтың бірлігін енгізуді қарастырып отырмыз.
Алмас Садубаев, ҚР ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры:
– Ішкі істер министрлігі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облысында орын алған жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын жедел шақырту жөнінде Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізді. Ата-аналарды, оқу орындарының оқытушыларын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында, қылмыстық жауапкершілік жасына жеткендері, ойланбай жасаған әрекеттерінің салдарлары туралы хабардар етуге шақырамыз.