Қаңтардың 29-ы күнгі ауа райы болжамы
Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болмайды. Елдің солтүстік-батысы мен оңтүстігінде ауа райы құбылмалы, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сүйене отырып.
Кәсіпорын таратқан мәліметтерге қарағанда, бүгін республиканың бірқатар аумақтарында тұман түсіп, көктайғақ, жаяу бұрқасын болып, жел күшейеді. Оңтүстікте шаңды дауыл көтеріледі.
Қызылорда, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады, екпіні 23-28 м/с күшейеді.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді, түнде және таңертең тұман болады.
Қостанай облысының кей жерлерінде түнде және таңертең көктайғақ, кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман болады, желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады.
Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар аумақтарында түнде тұман болып, күндіз жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысының кей жерлерінде шаңды дауыл көтеріліп, жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.
Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман түседі.