Жарқанаттың ұясы 50 мың доллар тұра ма?
Қазіргі таңда ел арасында жарқанаттың ұясын өте қымбатқа сатып алады екен деген әңгіме таралуда. Бірақ оны кім және не мақсатпен керек қылатындығын ешбірі дөп басып айта алмайды. Бірі одан обырға қарсы дәрі жасайды екен десе, енді бірі адам ағзасын жасартуға септігі бар деп тұспалдайды. Ал оны уыс-уыс ақша санап беріп сатып алатындар арабтар көрінеді. Дегенмен бұл әңгіменің қаншалықты шындықты жанасатынын ешкім білмейді.
Жарқанат ұясының «Амрита кокон» деген екінші атауы да бар. Амрита үндістердің мифологиясы бойынша мәңгі жасау үшін ішетін Құдайлардың сусыны екен. Ал кокон (француз тілінен аударғанда «қабық») – қуыршақ сатысына өтер алдында жәндік құртын қоршап тұратын қабығы. Бірақ бұл мағыналарды не үшін жарқанаттың ұясымен байланыстыратынын білетін жан тағы жоқ.
Әлеуметтік желіде желдей есіп бір видео жүр. Ағымдағы жылдың 6-қаңтарында түсіріліпті. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы екендігін де нақтылай кеткен. Ондағы кейіпкер әлгі ұяға алтын мен сарымсақты пайдалана отырып кәдімгідей тәжірибе жасап көруде. Яғни алтынды жарқанаттың ұясына жақындатса, еппен қимылдап, алтынға қарай тартылады да, сарымсақты тигізуге тырысса, дәл солай кері қашады. Жансыз заттың жанды ағза секілді сезімталдық білдіруі шынымен де адамды таңдандырады. Видео кейіпкерінің айтуынша, оның ішінде белгісіз сұйық зат бар көрінеді. Жарқанат ұясының ең қажетті бөлігі де осы болса керек. Ол адам осы ұяны көптен бері іздеп жүріп тапқандығын алға тартады.
Иә, іздеп жүрген жалғыз бұл кісі емес. Оны іздеушілер Қазақстанмен қоса Өзбекстан және Қырғызстанда да бар екеніне көзіміз жетті. Оған сол елдің бло-герлері жариялаған түрлі видеолар дәлел. Бірақ амрита кокон туралы қазақ тілінде қаптап жүрген ештеңе көргеніміз жоқ. Соған қарағанда, бізге бұл сауда түрі сол көрші елдерден енді ғана кіріп келе жатқан болса керек.
Бірақ өзбек блогерлері керісінше, мұны бизнес үшін Қазақстаннан келген нәрсе дегенді айтады. Сенімсіздеу, әрине. Әлгі видеолардың бірінде Шухрат Мусаев есімді блогер:
«Бұл – жарқанаттың ұясы емес, генетикалық сұйықтық. Қарасы және қызылы бар. Ол нәрсе Өзбекстанда жоқ. Оның не екенін, неге керек екенін ешкім де білмейді», – дейді.
Айтып отырғаны – жұрт жарқанат ұясының ішінен шығады деп жүрген қойыртпақ сұйықтық. Ал қырғыздың «Youtube»-тегі каналдарын қарасақ, әлеуметтік желілерде оның бір грамының өзі 1000 доллардан 5000 долларға дейін, ал ұяның өзі 250-300 мың долларға дейін бағаланып отырғанын айтады. Сондай-ақ:
«Амританы ертеректе перғауындар қолданса, бүгінгі күні оны президенттер, жоғарғы лауазымды қызметкерлер, байшыкеш адамдар қолданады екен. Естуімізше, көптеген айықпас ауруларға ем болып, адамды жасартатын қасиеті де бар көрінеді», – дейді бір сөзінде.
Соншалықты сұранысқа ие ұя салып жүрген жарқанат жайлы мәлімет іздеп, ғаламторды ашып қарадық.
Бір қызығы, Уикипедия: «Жарқанат ұя салмайды, үңгірлерді, ағаш қуыстарын, үй, құрылыс шатырларын, жарқабақтардағы құс індерін мекендейді. Күндіз жеке не топтанып, бастарын төмен салбыратып, аяқтарымен тасқа, ағашқа, жарға жабысып демалады. Жылына бір рет көбейіп, жалқы, кейде егіз табады. Балалары анасына жабысып өмір сүріп, бір айдан соң өз бетінше ұша бастайды» деп жазыпты. Десек те жарқанаттың 700-ден аса түрі бар екенін ескерсек, ұя салу барлығына бірдей тән тіршілік болмаса керек деген ой туды.
Ұясын қайдам, жарқанаттың саңғырығы диқандар мен бағбандар үшін өте пайдалы дүние екен. Нидерландылық компания одан «Гуанокалонг» (Guanokalong) атауымен түрлі тыңайтқыштар өндіреді екен. Сапасына сөз жоқ көрінеді. Аталмыш компания Оңтүстік Америкадан әкелінген жарқанат саңғырығын майлы топырақпен араластырып, керемет нәтиже беретін және егінмен айналысатын адамдардың жұмысын жеңілдететін биотыңайтқыш жасап шығарады екен. Тіпті сатылымы да жыл өткен сайын өсіп келе жатқан көрінеді. Қажетсінген адам болса жарнамасын ғаламтордан оп-оңай таба алады.
Комментарии 1