Қазалыда Жастар парламенті құрылды
Қазалы ауданында Жастар Парламенті қайта құрылып, Парламент депутаттығына үміткер кандидаттарды қабылдау отырысы болып өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Жастар Парламентін құрудағы мақсат – аудан жастарының рухани күш-жігерін арттыруға ықпал жасай отырып сөз бостандығы мен ой бостандығын қалыптастыруға атсалысу.
Кандитат ретінде білім беру орындары, денсаулық саласының мамандары, ауылдық округ жастары, жас спортшы мен ерікті жастардың арасынан қатыстырылды.
Сайлау комиссиясының құрамына аудандық мәслихат хатшысы К.Назымбеков, аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов, «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалының бірінші орынбасары Қ.Мәмбетжан, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғ.Темірбаев, аудандық мәслихат депутаты Б.Ізмағанбетов, ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Д.Тлеумбетов енгізіліп, қабылдау барысында кандидаттар сайлау алды бағдарламаларын слайд түрінде қорғап шықты.
Комиссия мүшелерінің шешімімен жастар парламентінің депутаттары болып 13 жас маман тағайындалды.