Қызылордада қызылша ауруының 2 жағдайы тіркелген
Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызылша ауруының 2 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.

"Науқастанғандардың бірі 1 жасқа толмаған сәби. Екіншісі 33 жастағы ересек адам. Жүргізілген эпидзерттеу нәтижесінде екі жағдайда ауруды жұқтыру кезеңінде Астана қаласында қызылшамен ауырғандармен қарым-қатынаста болғандығы анықталды", - деді Әлия Әбдіқайымова.
Сонымен қатар, науқастанған сәби қызылшаға қарсы егілмеген. Себебі, егу жұмыстары 1 жастан бастап жүргізіледі. Ал, ересек азаматтың егу статусы белгісіз.
Аталған 2 жағдайға байланысты ауру ошағында індетке қарсы және профилактикалық іс шаралар өткізілді. Екі науқаспен байланыста болған азаматтар саны 48.
Айта кету керек, өткен жылдары қызылша ауруымен ауырған науқастар саны тіркелген жоқ. 2016 жылы ғана 1 жағдай тіркелген. Ал, биыл қызылша, қызамық, эпидпаротит ауруларына қарсы алғашқы егумен жалпы 17105 бала егілген, оның 16931-і жасына сәйкес қамтылғандар.