Жасұлан Өксікбаев: «Мен оның Думаның депутаты екенін кейін білдім»
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Алексей Журавлев Сыр еліне сапары кезінде өзіне көмек көрсеткен қызылордалық полицейдің қызметіне оң бағасын беріп, оны қонаққа шақырған болатын. Депутаттың әлеуметтік желіде желдей ескен жазбасында полиция қызметкері Жасұлан Өксікбаевтың өз ісіне адалдығын ескере отырып, оның өзіне қылған ізгі іс-әрекетін елеусіз қалдырмауды сұраған болатын. Көрші елдің халық қалаулысына көмек көрсетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен полицей Жасұлан Өксікбаев қазір Қызылорда қалалық Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары. Осы орайда оқиғаның мән-жайын сұрау мақсатында Жасұлан Шамшадинұлына oldkaz.kyzylorda-news.kz тілшісі хабарласқан болатын.
– Жасұлан Шамшадинұлы, 2 жыл бұрын бағытынан жаңылысқан депутат Алексей Журавлевпен танысып, оны қонақ үйге дейін жеткізген екенсіз. Осы оқиғаны өз аузыңыздан естісек?
– Мен ол кезде Тасбөгет кенті Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары қызметінде болатынмын. 2017 жылдың мамыр айы, «ЭКСПО-2017» көрмесінің болып жатқан уақыты болатын. Кешкі сағат 19-00 шамасында Жібек жолы бойымен жұмыстан қайтып бара жатқанмын. «SMALL» сауда орталығы жанынан мотокөлік мінген адам шығып, Жібек жолы көшесіндегі «Динамо» ғимараты алдына келіп апаттық аялдау белгісін (аваринка) жағып тоқтады. Алғашында мен оның жанынан өтіп кеттім. Сосын артқа қайта бұрылып, жағдайын сұрадым. Ол кісінің Ресей азаматы, депутат екенін де білмедім. Жағдай сұрап, көмек қажет пе деп сұрадым. Ол дария жағалауындағы «Белависта» қонақ үйін іздеп жүргенін айтты. Жолдан адасып қалған азаматты керек жеріне дейін жеткізіп, алғысын алдым. Сонда ол маған өзінің визиткасын берді. Оған аса мән бермей, қалтаға салып қойдым. Кейін білдім оның депутат екенін.
– Яғни, бұл кездейсоқ болған жағдай ма?
– Әрине, мен оны білмедім. Әйтпесе, мотокөлікте, оның үстіне сақалы да өсіп кеткен адамды депутат екен деп ойламайсың ғой. Менде жолда біреулер тиісіп жүрер, қонақ үйіне дейін жеткізіп тастайын деген ой болды. Бұл оқиғаның өткеніне де 2 жылға жуықтады. Сол жағдайдан кейін хәлін сұрайын деген оймен бір рет телефон соқтым. Ол қуанып «мен сенің аты-жөніңді де білмеймін, бірақ іздестіріп көрдім» деді. Сөйтіп, азғана әңгімелесіп, аман-саулық білістік.
– Қонаққа шақырыпты, қабыл алдыңыз ба?
– Жұмысбасты болғаннан кейін, дәл қазір қыдырып жүруге уақыт жоқ. Оның үстіне біздің саламызда елден тысқары шығуға да болмайды. Бірақ мүмкіндік болса, неге бармасқа?!
– Жасұлан Шамшадинұлы, өткен жылы үшемнің әкесі атаныпсыз. Жалпы, отбасыңыз туралы айтып өтіңізші...
– Отбасында бір қыз, үш ұлмыз. Ата-анам Қазалы ауданының тумалары, сонда тұрады. Мен жұбайым Назерке Ахметовамен 5 бала тәрбиелеп келеміз. Былтыр отбасымызда үлкен қуаныш болып, үш қызды болдым. Бұл үш қызымнан бөлек бір ұл, бір қызым бар. Жұбайым теміржол саласында есепші болып жұмыс істейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Маханова
Комментарии 2