Қышқаланың қызық жәдігерлері
Қазақ халқының хас батыры атанған әйгілі Алпамыстың асыл жары Гүлбаршын мекен еткен Қышқала (ХІҮ ғ.) қалашығына 2018 жылы мамыр-маусым айларында т.ғ.д. М.Елеуовтің жетекшілігімен археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қала Қызылорда облысының Сырдария ауданы территориясында орналасқан.
Баршын сұлудың мекен еткен қаласы өз уақытында Қызқала, Баршынкент атауларын да иеленген. Бұл қала Сырдарияның төменгі ағысында кездесетін қалалардан өзгеше. Олай айтуымыздың себебі, қаланың сыртын қоршап тұратын қорған салынбаған. Бұл ̶ Баршын сұлудың бейбіт заманды аңсағанын дәлелдейтіндей. Қазіргі қалалардың мәдениеті осы қаладан бастау алғандай көрінеді. Ақ Орданың билеушісі Сасыбұғаның ұлы Ерзен ханның да Қышқалаға деген көзқарасы ерекше болған деседі. Оған Ерзен ханның Қышқалада тұрғызған мешіт-медреселері дәлел.
Экспедиция барысында қасбеті солтүстікке қараған кесененің қираған орнының бір бөлігі ашылды. Кесененің алдыңғы жағына төселген тікбұрышты кірпіш төсендісінің үстіне құлаған ғимараттың қас бетінің құландысы табылды. Оюлармен бедерленген қыш кесектер, глазурленген күмбездің сынықтары көздің жауын алады. Қасбет әсем өрнектелген. Шебер сегізбұрыш түріндегі мұсылмандық стильдегі және қошқармүйіз иректер түріндегі қазақи өрнектердің комбинациясын пайдаланғанға ұқсайды. Бір қызығы, тақталардың бетіне салынған өрнектер әр тақтаның көлемінде шектеліп қалмай, көрші тақтадағы өрнектерге ұласып, сабақтасып жатыр. Кейбір тақталардың орта тұсында түрлі көлемде салынған көзшелердің орындары сақталып қалған. Ал, тақталардың шеттері мен есіктің аркаларын безендірген мозайкаларды құрастыруда көк, ақ, сары, жасыл, қалампыр түстес бояулар пайдаланылған. Арасында араб жазулары стиліндегі өрнектер де жиі кездеседі. Бұл сәулет өнеріндегі ислами элементтердің бастау алып келе жатқан уақыты болса керек. Сонымен қатар, геометриялық ою-өрнектер тобына жататын төртбұрыш, домалақ, сопақша, ромб тәріздес өрнектер де жиі кездеседі. Кесененің кімге арналып салынғаны белгісіз. Оны анықтау алдағы күндердің еншісінде.
Қышқала (ХІҮғ.) қалашығынан табылған жәдігерлер, яғни өрнектелген, глазурленген декоративті тақтайшалар музей қорына өткізіліп, қала жұртшылығы назарына ұсынылмақшы.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынылғаны белгілі. Соның төртіншісі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын бекемдеу, жат идеологияға төтеп беретін қалқанды нығайту. Сыр өңірінде ұйымдастырылып жатқан археологиялық экспедициялар өткенді жаңғыртуға септігін тигізеді. Экспедициялар нәтижесінде табылған жәдігерлердің халықтың өткенін біліп-зерттеп, болашаққа нық қадам жасауына көмектесетіні анық.
Назгүл Асылбекова,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері,
педагогика ғылымдарының магистрі