Сыр өңірінде Жастар жылында 28 жоба жүзеге асады
Арал аймағында көпбалалы 150 отбасы мен күнкөрісі төмен жас жанұяларға көмек көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қайырымдылық шарасы Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен жүзеге асқан.
Жалпы, биыл өңірде жастар мәселесіне қатысты ұзын-ырғасы 28 жоба қолға алынбақ. Ол үшін 189 млн теңге қарастырылып отыр.
Тізім жасақтау мен хаттарды жөнелту. Бүгінде жастар ресурсы орталығында көктемгі қайырымдылық шарасына дайындық қызу жүріп жатыр. Орталық белсенділерінің жобалары негізінен жас отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуге арналған. Сондай-ақ әлі мамандық таңдап үлгермеген жас қыздар мен жігіттер де қолдаудан құр қалмайды.
«Жас отбасыларға мекенжайлық түрде қайырымдылық шаралары, соның ішінде жас отбасыларды қолдауға арналған жәрмеңкелер және құқықтық-кеңестік шаралар жүзеге асырылатын болады. Бұл жастар жылы аясындағы үлкен қамқорлық шаралары деп есептеуге болады», - дейді Жастар ресурстық орталығының бөлім жетекшісі Жасұлан Тасабаев.
Жас белсенділердің бастамасын облыстағы бизнес құрылымдар да қолдауға дайын. Олар жас мамандарды өндірісте тәжірибелі тәлімгерлер арқылы дайындауға көмектесуде. Мамандар негізінен облыстық кәсіпкерлер палатасының базасында дайындалады. Қазірдің өзінде жүзден астам жас маман өндірісте қайта дайындықтан өтіп үлгерді.
«2014 жылдан бері бізде «Дуальды оқытудың жол картасы» жүйелі жолға қойылған. Жоба бойынша колледж студенттері мен кәсіпорындарды біріктірдік. Алайда өндірістегі тәлімгерлердің педагогикалық білімі болмағандықтан жастармен жұмыс істеуде қиындықтар болды. Дегенмен жастарға өндірісте шыңдалған қызықты да тиімді. Студенттерінің іргелі жұмыс орнында тәжірибе алуына оқу орындары да мүдделі», - дейді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жанна Сқақова.
«Біздің мамандығымыз теориялық оқу түрінен өткеннен гөрі тәжірибелі маманның берері өте көп. Себебі теория оңай болғанымен, тәжірибеде қиындықтар болады. Сол қиындықтарды бізге жеңу үшін, сол қиындықтарға бейімделіп кету үшін тәлімгердің қажеттілігі өте көп», - дейді студент Нарғыз Игісін.
Айта кету керек, бүгінде облыстағы 22 колледж дуальдық жүйеде экономиканың 9 басым бағыты бойынша білім береді. Нәтижесінде 1173 студент өздері өндірістік практикадан өткен кәсіпорындармен келісім жасады.