Кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілуде
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Елімізде нақты жұмыс жасап тұрған 1 млн. 200 мыңға жуық кәсіпкер бар екен. Дегенмен, қазіргі уақыттағы мәліметтер базасында деректер толық емес.
«Біз бизнес өкілдерімен ұдайы байланыста болу үшін, әр кәсіпкердің жеке түйткілді мәселелерін, әр кәсіпкердің пікірін білу, қажеттілігі мен сұранысын айқындау үшін ең алдымен ол кәсіпкер туралы қолымызда мәлімет болуы тиіс», - дейді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ағымдағы жылды Қазақстан бойынша барлық бизнес-субъектілер арасында сауалнама жүргізуден бастады. Ол 2 кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең – телефон арқылы 4 сұрақтан тұратын сауалнама. Екінші кезеңінде Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бизнес-объектілеріне барып, кәсіпкерлермен жеке сұхбаттасады.
Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша облысымызда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 51 872-ні құрайды. Ал нақты жұмыс жасап тұрғаны 42 585.
Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, сауалнама жүргізу жұмыстары Палата қызметкерлерімен жасалуда.
«Апта басталғалы пилоттық режимде 250-ге жуық кәсіпкермен кездесіп, проблемаларын тыңдап, сауалнама жүргіздік. Бастамасы жама емес. Біз өңірдегі кәсіпкерлермен кездесіп, сауалнама жүргізуді мамыр айына дейін бітірсек деп жоспарлап отырмыз», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Сауалнама аясында жиналған ақпарат Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының жұмысын күшейту мақсатында барынша бірегей мәлімет болмақ. Мәліметтер толық жиналып болғаннан кейін кәсіпкерлердің проблемалары жүйелендіріліп, «Атамекен» Үкіметпен, Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде жергілікті атқарушы органдармен біріге отырып, шешетін болады.
Бұған қоса «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы онлайн-сауалнаманы іске қосты. Ол үшін сілтемеге өтіп, сауалнаманы толтырып, сұрақтарға жауап беру жеткілікті. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің бастығы Фархад Әбжаппаров кәсіпкерлерге арналған Аtameken Services порталының тегін сервистік қызмет түрлерімен таныстырды. Порталда 60-тан астам онлайн режимде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері шоғырланған.