Сырдария ауданында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 20 пайызға артты
2018 жылы Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1832 бірлікті құрап, 19,3 пайызға артты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаев Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаевтың 2018 жылдың қорытындысы бойынша есеп беру кездесуіне қатысты.
"Барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін "тетік" біздің жұмысымыздың негізгі бағыты жаппай кәсіпкерлікті, әсіресе ауылдық жерлерде дамыту болып табылады. Ауылдық округ әкімдері жергілікті атқарушы биліктің төртінші деңгейі деп танылды және жергілікті маңызы бар бірқатар мәселелерді дербес шеше алады. Сондықтан біз жаппай кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға басымдық беруіміз керек", - деп атап өтті облыс әкімі кездесу барысында.
Естеріңізге сала кетейік, Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін айтарлықтай арттыру мақсатында облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, "Нұр Отан" партиясы филиалының, қоғамдық кеңестің және өңірлік кәсіпкерлер палатасының шешімімен 2018-2020 жылдары өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды.
«Өздеріңіз білетіндей, аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың қазіргі таңдағы негізгі бағыты - жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Сырдария ауданында 2018 жылы 2115 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1832. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19,3 пайызға артты. Жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің ашылуы 5284 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді", - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының "бизнесті қолдау мен дамыту" бірінші бағыты аясында 12 жоба қаржыландырылды, 28 жоба гранттық қаржыландыруға ие болды.
Ғ.Қазантаевтың айтуынша, аудан кәсіпкерлерінің 183 жобасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 201 жұмыс орны ашылды. Бұлардың басым бөлігі - мал басын көбейту және бордақылау алаңдарын салу, қажетті техника сатып алу немесе монша және басқа да қызмет көрсету нысандарын ашу жобалары.
"Ауданның 60 тұрғыны жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттарды жеңіп алды. «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша Өңірлік инвестициялық орталығынан 94,3 млн. теңгенің 29 жобасы қаржыландырылды. Аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы 152 адам «Бизнес-Кеңесші» курсын оқыса, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 170 адам оқып шықты", - деді Ғ.Қазантаев.
Сондай-ақ Ғ.Қазантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да салаларында атқарылған жұмыстар мен 2019 жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Осы жылы табиғи газ өткізу және кварталішілік газ құбыры желілерінің құрылысын орындау, аудан орталығында көп қабатты тұрғынүйлердің құрылысын жалғастыру және басқа да бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
2018 жылы Қызылорда облысы «бизнес жүргізуге қолайлы орта» номинациясы бойынша үздік деп танылды.