Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын салтанатты ашу рәсімінде елімізде Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасқаны жөнінде айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Бәрін алаңдатып отырған мәселе - жас шаңырақтардың күйреуі. Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасты, оның ширек бөлігі некенің алғашқы жылында-ақ кетіскен. Неге бұлай болғанын зерттеу керек. Әрине, келіспеушілік, қаржының жетіспеушлігі, баспананың болмауы, ата-анамен бірге тұру жағдайлары бар. Қоғам белсенділері, ғалымдар, БАҚ отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Отбасын құру - өте жауапты мәселе», - деді Елбасы.
Осы орайда Президент мектеп қабырғасындағы жоғары сынып оқушыларына отбасылық құндылықтарын үйретуді ұсынды. Сонымен бірге, жастарға отбасылық қарым-қатынаста психологиялық және әлеуметтік қолдау білдіру механизмдерін жасауды тапсырды.
«Жастарды отбасылық өмірдің жаңа әлеуметтік рөлдеріне дайындау керек. Мұны орта мектептің жоғары сыныптарында бастаған жөн. Бүкіл әлемде қалай тұрмысқа шығуды, отбасын құруды, өзін қалай ұстау керектігін үйретеді. Ал біз әлі ұялып жүрміз. Аналар институтын қолдаумен бірге, әкелер институтын да дамыту керек. Жас бозбалалардың бойына жауапкершілік сезімін дарытқан дұрыс. Бұл оңай шаруа емес. Бәріміз жас болдық. Махаббат құмарлықтан басталады. Бірақ, махаббат дегеніміз - бір-біріне деген қамқорлық. Екі адамның махаббатынан бала дүниеге келеді. Адамды бар болмысымен қабылдап, еркіндік беру - үлкен даналық», - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.