Мектеп оқушыларын ұрып-соққандар түркістандық жасөспірімдер
Полицейлер мектеп оқушыларын ұрып-соққандарды анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"ІІМ видеохабарламаны қабылдап, оған қатысты мәліметтерді анықтауға қатысты шараларды қолданды. Бұл оқиға 18 қаңтарда Түркістанда болған. Бұзақылық жасағандардың барлығы анықталды", - деп хабарлады Сәдубаев.
Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша ("Бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Осы оқиғада зардап шеккендердің болуына байланысты ІІМ өкілдері жағдайдың мән-жайын анықтайды", - деді Сәдубаев.
21 қаңтарда әлеуметтік желілерде бір топ жігіттің өзінен кіші сыныптарда оқитындарды ұрып-соғып жатқандары түсірілген видео таралған еді. Видеода бұзақылар олардың үстіне шығып алып, секіріп, ұрып-соғады.
Кейінірек Түркістанда жедел баспасөз мәслихаты өткізіліп, Түркістан облыстық білім басқармасындағылар осы видеоға қатысты пікір білдірген болатын. Олардың сөзіне қарағанда, Түркістандағы үш мектептің - №№31, 18, 11 тоғызыншы сынып оқушылары анықталған.
"Кәмелетке толмағандарға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, ата-аналарын, педагогтерді және мектеп инспекторларын жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр. Бұл жағдай бақылауда", - деп хабарлады білім басқармасындағылар.