Жас ақын Әдебиет академиясын ашуды ұсынды
Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының Семей өңірі бойынша филиалының төрағасы Мерей Қарт сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде Президенттен жас ақын-жазушыларға арналған Әдебиет академиясын құруға қолдау білдіруді сұрады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Қазақтың жас ақын-жазушылары мемлекет қолдауынан кенде емеспіз. Қазақстанның жас ақын-жазушылары ұлтымыздың руханиятына, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, мен өткен жылы өзіңіздің қолдауыңызбен Қазақстан жазушылары қолға алған жалпы республикалық Әдеби өлкетану жобасына қатыстым. Арнайы Кереку жеріне барып, сол жердің әдебиетімен, мәдениетімен танысып, бір топ шығарма жаздым. Тек қана мен емес, республикамыздың әр аймағындағы аға буын ақын-жазушылар, жас қаламгерлер осы жобаға қатысты. Еліміз туралы, жеріміз туралы шығармалар дүниеге келді. Осындай мүмкіндік берген сізге барлық қаламгерлердің атынан алғысымды білдірем. Өзіңіз үнемі айтып жүргендей, бәсекеге қабілетті жастар - елдің болашағы. Ендеше, әдебиет әлемінде де біз бәсекеге қабілетті болуымыз үшін жас қаламгерлерге арналған Әдебиет академиясын құру туралы ұсынысымды қарастырсаңыз деп өтініш айтқым келеді. Әдебиет академиясы ашылатын болса, жастар білімге ұмтылып, алпауыт мемлекеттердің тілдерін меңгеріп, философтардың, мәдениеттанушылардың білімін бойына сіңірсе, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тынысы, кеңістігі ашылар еді. Сонда жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді», - деді ол.
Мерей Қарт өз сөзінде Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әр қазақтың жүрегінен орын алғанын айта келе, алған әсерін өлең жолдарымен жеткізді.