2 миллионға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады
2 миллионға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, министрлікке Мемлекет басшысының бес бастамасының «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» атты екінші бағыты бекітілген.«Салық кодексінде жалақысы 63 125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгерді. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 миллионға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады. Жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бойынша өзгерістер 2019-2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығындарына әкеледі. Аталған шығындар Республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы 2 сәуірдегі отырысында қаралды және мақұлданды. Жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдік есебінен төмендемейді», - деді ол.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, республикалық бюджетте 2019 жылы 29,1 млрд. теңге көлеміндегі трансферттер көзделген. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаңтарда 2,3 млрд. теңге аударылды. 2020-2021 жылдардағы жергілікті бюджеттердің шығындары осы жылы жаңа үшжылдық бюджетте жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру кезінде ескерілетін болады.
«Сонымен қатар екінші бастамада жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеу тапсырылды. Халықаралық тәжірибе зерделенді және жалдамалы еңбекке ақы төлеудегі ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізілді», - деді Руслан Дәленов.