Сырдарияда кәсіпкерлер саны 19,3 пайызға артқан
Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде аудан әкімі Ғани Қазантаев кент тұрғындарына есеп берді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есеп беру жиынына облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, Қоғамдық кеңес мүшелері, кент тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатын жиында аудан басшысы Ғанибек Қазантаев өткен жыл аудан үшін табысты болғанын атап өтті.
Сонымен бірге, жоспарлар артығымен орындалғанына кеңінен тоқталды. 2017 жылмен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19,3 пайызға артқанын атап өткен аудан басшысы тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тарту мақсатында Сырдария ауданының кәсіпкерлікті дамыту «Жол картасы» бекітілгенін айтты.
Есепті кездеуде Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев аудан орталығында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндаса, аудандық Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Абай Мұстафаев қылмыспен күрес, алдын алу және болдырмау бағытында атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жиын соңында кент ардагерлері атқарушы билік өкілдерінің жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі.