Қызылордада дәрігер тапшылығы шешілді ме?
Қызылорда облысында дәрігер жетіспеушілігі төмендеп келеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жыл сайын аймаққа қажетті дәрігер мамандарды даярлауға облыс әкімінің гранттары бөлініп отыр.
«Облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орындарында даярлануда. 2019 жылы - 16 дәрігер, 2020 жылы - 15 дәрігер, 2021 жылы - 10 дәрігер, 2022 жылы - 1 дәрігер резидентураны бітіріп, өңірімізге келеді деп күтілуде. Және 2018 жылы жергілікті бюджеттен 30 жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Өткен жылы 1500-ге жуық медицина саласының қызметкері шетелде білімін жетілдірді.
«2018 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 767 маман білімін жетілдірсе, 720 дәрігер біліктіліктерін арттырды. Оның ішінде 7 маман Корея мемлекетінде, 157 маман Татарстан Республикасының астанасы - Қазан қаласында оқыды», - деді басқарма басшысы.