22 қаңтар: атаулы күндер мен оқиғалар

1992 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «ҚР Материалдық ресурстар министрлігін құру туралы» Жарлығы шықты.
1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
1993 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Ғылым академиясының атауы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгертіліп, республикалық жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілді.
2010 жылы Алматыда Қазақ ұлттық өнерін өркендету жолында ерен еңбегімен танылған қылқобызшы-педагог, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрметті қызметкері, «Жаңашыл-педагог» Әбдіманап Жұмабекұлының үш томдық «Қылқобызға арналған хрестоматиялар» жинағының бірінші томының таныстырылымы болып өтті. Бірінші том - «Білім» баспасынан, 2000 данамен жарық көрген. Оқу құралы - музыка мектептері мен музыка колледждеріне, консерватория мен өнер, музыка академиясының студенттеріне және жалпы өнер сүйер қауымға арналған. Қомақты еңбек автордың отыз жылдан астам уақыт жүргізіп келген ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми-педагогикалық ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген.
2010 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» (ҚҒС) АҚ ұжымына ИСО 9001 халықаралық стандартының талаптарына сапа менеджменті жүйесінің ұлттық сәйкестік сертификаты табысталды.