Қызылорлықтардың 90 пайызы газбен қамтылатын болады
Сыр өңірі халқының 90 пайызға жуығы 2020 жылы «көгілдір отын» игілігін көретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда облысы елді мекендерінің 85 пайызы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының бойында орналасқан. Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағынан өтеді. Сондықтан алдағы уақытта аймақта газ игілігін көретін елдің қатары көбейеді деп жоспарланып отыр.
Өңірде газдандыру жобасының бірінші кезеңі бес жыл бұрын бастау алды. Қазіргі таңда Арал, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған секілді облыстағы ірі аудан орталықтары «көгілдір отын» игілігіне қол жеткізді. Бүгінгі күндері Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының орталықтары бойынша газ тарту жұмыстары жүзеге асып жатыр. Биыл олар да «көгілдір отынға» қол жеткізеді.
Аудан орталықтарынан бөлек облыстағы бірқатар ауылдар да газға қосылып үлгерді. Былтыр Шиелі ауданындағы Ыбырай Жақаев және Бидайкөл ауылдары аталмыш игілікке алғаш қосылған ауылдар қатарында саналады.
Қазір облыс халқының 64, Қызылорда қаласы тұрғындарының 95 пайызы газ игілігін көріп отыр.
Айта кетерлігі, Астана қаласын газдандыру мақсатында қолға алынып отырған «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы да Қызылорда облысынан орналасқан. Ол «Қараөзек» газ компрессорлық станциясынан басталады.