Баспасөзге шолу. Газ сапасының төмендегені рас па?
Өткен аптада өңірлік басылымдар қандай мәселелер көтерді? Әдеттегідей oldkaz.kyzylorda-news.kz оқырмандар назарына мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.
«Ақмешіт апталығы» газеті. Логопед
Бұл мақаладан сіздер логопед Гүлназ Ерланқызының маман ретінде кеңесін оқи аласыздар.
«Маманның сөзіне сүйенсек, баланың дамуы бірнеше сатыдан тұрады. Ол дүниеге келген кезінен – 1, 1 – 3, 3 – 7, 7 – 17 жас аралығын қамтиды. Сәби дүниеге келген кезден-ақ онымен сөйлесу керек екен. Мамандар осылай дейді. Ақыл-ойымен қатар сөйлеу қабілетінің де жетілуіне ықпал еткен жөн. Дені сау баланың сөздік қорында бір жасқа дейін он шақты сөз болу керек екеніне назар аударған артық емес. Келесі сатыға шыққанда оның сөздік қоры сәйкесінше арта түсуі қажет. Үш жастағы өреннің сөздік қорында мыңға жуық сөз болуы тиіс. Содан барып сөз тіркесін құра бастайды. Орталық ми жұмысында тежеліс болмаса, баланың сөздік қоры сатыға байланысты артып отырады».
«Балаға екі тілде сөйлеу де кедергі келтіреді. Тілі енді жетіліп келе жатқан жасөспірімге ол қиындық туғызады. Сондай-ақ, бүгінгі бүлдіршіндер телероликтерді жатқа біледі, телевизор, компьютерге әбден тәуелді болып қалды. Оның зияны да жоқ емес. Ал, бұл жерде баламен жанды сөйлесудің орны бөлек. Ең дұрысы, болашақ аналар дүниеге дені сау ұрпақ әкелу үшін өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені, ананың денсаулығы – ұлт саулығы екенін естен шығармаған абзал».
«Ақмешіт апталығы» газеті. Әлшіораз Қаридың құдіреті
Сыр бойы – тарихи тұлғалар мен батырлар, ақындар мен термеші-жыршылар, қазақ көгін дінмен тазартқан молда ишандар мен ахундардың туған елі. Сондай әулие көреген тұлғаның бірі – Әлшіораз ахун. Мақалада автор Кенжалы Ерімбетов Әлшіораз Қаридың басынан өткен бірнеше оқиғаларды баяндайды. Толығырақ «Ақмешіт апталығы» газетінің №4 санынан оқи аласыздар.
«Сонау 1928 жылдың жазы еді. Пісіп тұрған егінді қара шегіртке басып кетеді. Олар ұшқанда күннің бетін қара бұлт басқандай болып көрінеді. Ауылдағы ағайын егінін осы қаптаған шегірткеден қалай аман сақтап қалу жолын таба алмай, басы қатады. Содан ауыл адамдары білгенін жасап, егіннің шет жағалауына түтін түтетіп, абыр-сабыр күй кешіп жатады. Осындай қарбаластың бір сәтінде Құмсуат ауылына Әлшіораз ахунның жолы түседі. Ауыл үлкендері одан аспанды қаптап жатқан қалың шегірткеден қорғап қалудың амалын жасауды өтінеді. Теріс оқудың да жолын жақсы білетін ол кісі: «Келе жатқан шегірткенің ауылға жақындап қалған сәтін айтарсыңдар» деп дәрет алуға бет алады. Ертеңіне күн түске таяп қалған сәтте ауылға қарай қаптаған қара шегірткенің бағыт алғаны жайлы хабар жетеді. Дереу ол кісі шарта жүгіне кетіп, қарай үйдің іргесін түргізіп тастап, үн салып, аят жолдарын қырағаттап оқи жөнеледі. Жұрт тымтырыс. Аспанды қара бұлт басқандай торлап ұшып келе жатқан шегіртке легі ауыл төбесіне жеткен сәтте, Құдайдың құдіретімен қақ ортадан бөліне екіге айырылады. Әлшіораз ахун сонда да тоқтамай, көйлегінің жағасына алқымы сыймай ісініп кеткеніне қарамай, дұғасын оқи түседі. Сол екіге айырған күйі шегірткелер ауыл егініне қонбай, өте шығады.
Бір ауылдың ырыздық-несібесін қаптаған қара шегірткеден аман алып қалған ахунның іліміне жиналған жамағат риза болды» деп марқұм Ыбырайхан Нәлібаев ағамыз бала кезде көзбен көріп, ел аузынан естігенін осылай айтып берген еді».
«Жалағаш жаршысы» газеті. Ұлы даланың ұлы батыры
Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен Кейкі батыр туралы «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген көркем фильм мақалаға арқау болады. Онда автор Әзиз Жұмаділдаұлы батырдың өмірі мен ерлігі жайлы кеңінен баяндайды.
«Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі батыр Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің бірі болған. Ол көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шыққан. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі мерген қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де жалғасады. Қазақ ұлттық энциклопедиясының 4-ші томындағы деректерге сүйенсек, Кейкі біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. 1923 жылдың көктемінде комиссар Александр Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралады. Кейкі жолда оның арам пиғылын сезіп, Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ, Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан сарбаздар оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршауға алады. Осылайша, Кейкідей қайсар оғлан қолға түсіп, айуандықпен өлтіріліп, басы Ресейге жөнелтілді.
Арада ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Кейкі сынды мергеннің, ұлты үшін жанын қиған батырдың бас сүйегі елімізге қайтарылды».
«Қармақшы таңы» газеті. Ерте жүктіліктің салдары қайсы?
Жасөспірімдердің аңдамай аяқ басуы күрделі қиындықтарға әкеліп соғып жатыр. Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселеге айналған ерте жүктіліктің салдары мақалаға арқау болып отыр. Әріптесіміз Айнұр Әли дәрігер мамандардың кеңесіне құлақ түре отырып, мәселенің мән-жайын ашып жазған екен.
«Ерте жүктілік деп 13-18 жаста болатын жүктілікті айтамыз. Осы уақытта қыз баланың өтпелі кезеңі басталып, ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге әзір болмайды. Сол үшін ең дұрысы – ерте жүктіліктен сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтану жайында орта мектепте ата-анамен, сынып жетекшімен жиі әңгімелесу керек. Сондай-ақ, жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқу да көп көмегін береді. Егер қыз жыныстық қатынасқа ерте түссе, ол оның салдарын білуі тиіс. Міне, осы тұста оған отбасында анасымен, жеңгесімен жақын сырласуы қажет. Кейде біз баланы өте қатал тәрбиелеп жатамыз. Тәрбиелеу – осы екен деп шамадан тыс қаталдыққа салынып, баланы жастайынан жалтақ етеміз. Осыдан келіп, қыз анасына ашылып, ойындағысын айтуға жасқанады немесе ұялады. Мәселен, бала дәурен қалып, қыз дәуренінің басталғанын ол анасына емес, алдымен құрбысына, яки болмаса жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды бала кезінен өзімізге сендіріп, оған анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіргеніміз абзал.
Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыру артық етпейді. Егер ол жүктілікке әзір болмаса, жүктіліктен сақтанудың жолынан толық ақпараттанғаны дұрыс. Атаулы мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу, сонымен бірге карьера жасау мүмкіндігінен айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды. Көп жағдайда қыздар жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса жақсы) ана тығырыққа тіреледі. Нақты білімі, жұмысы жоқ оның баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды», – дейді амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың бас акушері Әсем Мерекова.
«Қармақшы таңы» газетінің көтерген екінші мәселесі қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау салты. Жеті атаға дейін қыз алыспау – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең сенімді жолы. Сол үшін қазақ бірінші руын, арғы тегін сұраған. Ал, қазір қоғамда мұны рушылдықпен, бөлінумен шатастырып жүргендер аз емес. Сонымен автор не дейді?
«Оғыз-қарлұқ-қыпшақ бірлестіктерінен бастау алған қазақтың ру-тайпалары көптеген қилы тарихи кезеңді бастан өткізді. Мойымады. Қазақ хандығын құрды. Ел басына күн туғанда да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген осы қазақ рулары мен тайпалары. Бірақ кеңестік тоталитарлық билік қазақтың дәстүрлі қоғамын күйретіп жіберді. Жеті атамызды ұмытуға сәл-ақ қалдық. Қоғамда дұшпандық көзқарас қалыптасты. Әлі де тоқтар емес. Рухсыздану, русыздану және ұлтсыздану. Рудан құралған ұлтымыздың тарихын елемей, «ұлттық» деген жалпылама ұрандар тасасында жүр, кейбірі. Бұл рулар тарихын ұлт тарихына қарсы қойғанымыз ба?
Қазекемнің ата тегін генетикалық деңгейде зерттеп жүрген ғалым, академик Оразақ Смағұловтың зерттеулерінде қашықтығы 3000-4000 шақырымды құрайтын Алтай мен Атырау қазақтарының генетикалық біркелкілігін сақтап қалғанына таңғалады. Ал Воронеждің орысы мен Архангельскінің орысы тек жағынан қырыққұрау екен. Тек – қазақ үшін қастерлі ұғым. Бұл қасиетті сақтап қалу қажет».
Мақаланың толық нұсқасын «Қармақшы таңы» газетінен оқи аласыздар.
«Ақмешіт жастары» газеті. Диалог: газ сапасының төмендегені рас па?
«Ақмешіт жастары» газетінде әріптесіміз Әсел Бегманның газ сапасының төмендігіне байланысты журналистік зерттеуі жарияланыпты. Зерттеу барысында автор газ саласына қатысты сала мамандары мен басшыларынан мардымды жауап ала алмағандығын жазады. Десе де жеке кәсіп иелеріне де сауал жолдап көрген екен.
Қазандықты орнату және жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер Грегорий Васильев газ сапасын үй жағдайында тексеретін құрылғы әлемде жоқ екенін айтты.
«Мәселе газ қуатында емес, халықтың өзінде. Бізде көбісі алған пешінің не қазандықтың қуатына, сапасына мән бермейді. Тіпті тиісті тексерістен өткізіп, оған уақыт та бөлмейді. Тек қыс келгенде өшіп қалса, дабыл қағады. Ол да көлік сияқты. Уақыт өте ескіреді. Ішін арнайы маманға көрсетіп, қыс келмей тұрып тексертіп алу маңызды. Оған қоса өңіріміз желді аймақ болғандықтан желдің күші де пеш жұмысына әсер етеді. Мәселен, соңғы жылда 8 мектеп салынса, соның жетеуінің басшылығы «мектеп жылымайды» дейді. Барып тексергенде алған қазандықтың қуаты берілген көлем мен талапқа сәйкес келмейтіні анықталады. Сондықтан сапасы мен қуаты жоғары құрылғы қолданған жөн. Бірақ бұл қымбат. Өкінішке қарай халықтың барлығының әлеуметтік жағдайы ондайға мүмкіндік бермейді», - дейді Грегорий Васильев.
«Газ сапасын тәуелсіз сарапшыға тексертіп, алған нәтижемен сотқа баруға болады. Егер жақсы қорғаушы, артық ақшаңыз болса», - депті автор.
«Ақмешіт жастары» газеті. Баламен бала тілінде сөйлеспеңіз
Жастар газетінің 17 қаңтардағы №30 санында логопед-дефектолог маман Гүлзира Жасағанбергенованың сұхбаты жарияланған. Оның айтуынша баланың тіліндегі ақауға анасының жүктілік кезіндені таксикоз, тұқымқуалаушылық, бала дамуының ерте жасындағы әртүрлі жарақаттар, отбасының әлеуметтік ахуалы да әсер етеді екен.
«Балаға логопед көмегінің қажеттілігін ең бірінші ата-ана анықтайды. Бірақ осы сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне ата-аналар онша мән бермейді. Қазақта ұл баланың тілі кеш шығады, бала ерке болғандықтан жөнді сөйлей алмайды, кейін дұрысталып кетеді деген түсінік қалыптасқан. Осы түсініктен арылу қажет. Әдетте, бала ең алғаш рет 1-2 айында гуілдейді, 5-6 айында былдырлай бастайды. 7-8 айында бала ересектердің сөйлеу тіліне еліктейді. Бала естіген дыбыс тіркестерін затпен және іс-қимылмен сәйкестендіреді (тик-так, бух, бах). Ал 10-11 айында сөздің өзіне реакция беретін болады. Осы кезеңде ата-ана баламен жиі қарым-қатынаста болу керек. Өйткені кей бала бір жасында бірнеше сөз айтатын болса, кей бала он шақты сөз қолданады. Бұл баланың сиптоматикалық жағдайына, нерв жүйесіне, тәрбиесіне байланысты. Осы мәліметтерді логопед баланы алғаш тексерген кезде ата-анасынан сұрайды. Өйткені бұл маңызды. Анық сөйлемейтін баланы аңғарған ата-ана неғұрлым ерте логопед-дефектолог көмегіне жүгінсе, соғұрлым жақсы нәтижеге жетеді», - дейді Гүлзира Жасағанбергенова.
Сонымен қатар маман сұхбат соңында ата-аналарға кеңес береді.
«Баламен үнемі сөйлесіп, оның жауабын тыңдау керек. Бала сөйлескенді, оны тыңдағанды ұнатады. Бала не істегенін айтып отыру керек. Сөз тіркестерін көп қолданыңыз. Серуендеу кезінде әңгімелесіп, жаңа сөздерді бірнеше рет қайталаңыз. Баламен сөйлескенде, сөйлемдерді анық, дұрыс айтыңыз. Өбектеп, бала тілінде сөйлеспеңіз», - дейді маман.
«Халық» газеті. Несие несібе ме?
Қазір қоғамда несиесін қайтара алмай сотты болып, мүлкінен айырылып жатқандар аз емес. Оны қалай қайтарамын деп бас қатырып, ауруға шалдығып, тығырықтан шығар жол таба алмай өз өзіне қол жұмсап жатқан жандар қаншама? Осы өзекті мәселені «Халық» газетіндегі әріптестеріміз көтерген екен. Мақалада банктің зерттеулері мен халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударылады.
«Несие саясаты айрықша дамуда. Оған дәлелдің де қажеті жоқ. Дегенмен, соңғы уақыттары халықтың тұтынушылық несиеге деген сұранысы күрт артқандығын айтпасақ, «ауруын жасырған өледінің» кері келері анық. Оған жоғарыда айтқандай, қарапайым жұрттың дәрі-дәрмек, киім-кешек, ем-дом, тұрмыстық техникалар мен тауарлар үшін несиеге белшесінен батуы себеп. Өткен жылғы дереккөздерге сүйенсек, республика бойынша тұтыну несиесін тұтынғандардың қарызы 2,9 триллионға жеткен. Одан қалды, автокөлікті несиеге алу бойынша да соңғы қатарда емеспіз. Әсіресе, Қызылорда облысындағы тұтынушылық несиеге арқа сүйейтіндер пайызы 60-қа жетіп-ті-міс. Міне, халықтың қалыпты жағдайы – осы. Айтылып жүрген орташа жалақы көлемі ең құрығанда 100 мың теңгеден асса, мұндай келеңсіздік көз алдымызға көлеңкесін түсірмес еді», - дейді автор Н.Қазиқызы.
«Халық» газеті. «Жауырды жаба тоқу» ауыл әкіміне жұққан ба?
«Үш өтіріктің бірі – статистика. Осы статистика дегеннен шығады, «дәстүрлі» жиында қылмыстың төмендеп, барымташылық бәсеңдеп, есесіне, аудан бюджеті ұлғайып, инфрақұрылымның жетіліп шыға келетіні несі?!», - деп жазады «Халық» газеті.
Мақалада жергілікті әкімдердің дәстүрлі халыққа есеп беру жиыны жайлы айтылады. Бұрын ауыл-аймаққа ат ізін салмайтын басшылардың елді аралап есеп бергені көңіл қуантқанымен, ондағы ақсақалдардың бата қайырып, басшылардың жұмысына оң баға беруден әрі аса алмай отырғандығы мақалаға арқау болады. Расымен жыл сайынғы әкімдердің есеп беру жиынында тұрғындар мәселе көтеруден бұрын әкім жұмысына баға берумен шектеліп жүр.
«Аудан басшыларының есепті кездесуі қалай және қай деңгейде ұйымдастырылатынын, қалыптасқан сценарийлерге өзіңіз де қанық шығарсыз, құрметті оқырман! Бұдан бөлек, ауыл әкімдері де қулықтың қыр-сырын бір кісідей меңгеріпті-міс. Олар «елдегі бар түйткілді жоғары жаққа жайып салады-ау» деген ақсақалдардың аузын «майлап», шалдар¬ға шай беретінді шығарыпты. Одан қалды, жергілікті жерде мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін адамдарды есепті кездесуге алдыру баяғыдан бар. Ал аузында «бастырығы» барлардың «мәу» демейтіні шындық».
Фариза ОМАРОВА