Жаңақорғандық Мұхтар Шаханов кино түсіруге көңіл бөлмек
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұратын жас кәсіпкер Мұхтар Шаханов «Нұр-Сәуле» той ұйымдастыру орталығының директоры қызметін атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиырма төрт жастағы жігіт өзінің ісін өркендетуге күш салды. Осы мақсатта түрлі оқуларға қатысты. Тиісті орындардан қаржылай қолдауға ие болды. Жергілікті өңірлік инвестиция орталығынан берілген 3 млн теңге несиеге соңғы үлгідегі сандық фотоаппарат, бейнекамера, өзге де қажетті техникаларды алды. Нәтижесінде жастығына қарамастан өзінің алғашқы кәсібін бастап кетті.
Қазір ойлаған ісі жүзеге асты. Ауданда өтіп жатқан түрлі тойлар мен басқа да шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ол барынша атсалысып келеді.
Жас жігіт алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Келешекте өзі жетекшілік жасайтын кәсіпкерлік қызмет ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сол мақсатта көптеген бизнес-форумдар, оқыту курстары мен түрлі семинар-тренингтерге қатысады.
«Биыл Сыр өңірінде жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Рас, жас кәсіпкерлер мен ынталы азаматтарға қашанда қолдау көрсеткен артық емес. Мен осы мақсатта бизнес-тренерлер мен табысты кәсіпкерлердің құнды кеңесін тыңдадым. Олардың ақыл-кеңесін өз қызметімде кәдеге жаратып жүрмін», - деді Мұхтар Шаханов.
Ендігі кезекте ол жаңа жобаларды дайындап жатыр. Келешекте кино және деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр. Бұл аудан жұртшылығы үшін де ерекше жаңалықтың бірі болатыны анық. Әдетте, мұндай орындар еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында өркендеп келеді. Дегенмен аудан орталықтарында ондай орындар көп емес.
Жаңақорған ауданы - шежірелі өңірлердің бірі. Бұл өңірден қаншама тарихи тұлғалар, өнер адамдары, білікті ғалымдар шықты. Жергілікті жерде де сан алуан тарихи орындар бар. Сол дүниелерді жинақтап кино және деректі фильмдер дайындауға назар аударуды жоспарлап отыр.
Қазақтың арқалы ақыны Мұхтар Шахановпен есімі де, тегі де бір жас жігіт осылайша өзінің руханият әлеміне жаны жақын екенін жасаған дүниелері арқылы аңғартып отыр. Кәсіпкерлік әлеміне енді қадам басып келе жатқан Мұхтар алдағы уақытта ойлағаны жүзеге асып, өз жемісін беретініне үлкен үмітпен қарайды. Ол жақында республикалық шаралардың бірінде «Үздік жас кәсіпкер» атағына қол жеткізіп қайтты.