Кәсіпкер жүгеріден сусын шығарды
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Қасым Әбжаппаров жүгеріден сусын шығару ісін жолға қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жоба елімізде қолға алына қоймаған. Дегенмен ол қазақ халқының тыныс-тіршілігінде ертеден пайдаланылып жүрген сусын түрі екені белгілі. Жергілікті жерде шаруа қожалығына жетекшілік жасайтын кәсіпкер жүгері шаруашылығын дамытуға назар аударды. Содан кейін жүгеріден сусын шығаруды жоспарлаған. Осы мақсатта түрлі жобаға қатысты. Сол арқылы 3 млн теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізді.
Бұрын қолға алмаған іс болғандықтан оны бірден іске асыру оңайға соққан жоқ. Алдымен бұл кәсіптің қыр-сырын толық меңгерді. Содан кейін өз ісіне кірісті.
«Аталмыш дақылдың бойында А, В, С, Е дәрумені, калий, магний, қант секілді адам денсаулығына пайдалы заттар кездеседі», - дейді Қасым Әбжаппаров.
Кәсіпкердің айтуынша, жүгері дәні өте қоректі. Организмге жақсы сіңеді.
Аталмыш сусынға Қазақ тағамтану академиясының мамандары да жоғары бағасын берген. Қасым Әбжаппаров бұған дейін попкорн өндірісін жолға қойған еді. Соның нәтижесінде көршілес аудан мен Түркістан қаласына өз өнімдерін өткізу ісін күннен күнге арттырып келеді.
Жергілікті кәсіпкер алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейтпек. Енді Сыр өңірі диқандарының негізгі тіршілік көзі - қауын мен қарбыз дақылдарынан сусын шығаруды жоспарлап отыр.