Баспасөзге шолу. Қайыршының бір күні немесе тәлкекке түскен тағдыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz Сыр өңіріндегі басылымдарға шолуын жалғастырады. Олар қандай өзекті мәселелерді көтерді? Назар салайық.
«Сыр бойы» газеті. Тоқсан жылдықта табылған қазына
Облыстағы ата басылым «Сыр бойына» биыл 90 жыл толады. Әріптестеріміз ақын Асқар Тоқмағамбетовтің басылымның 45 жылдығына арнап жазылған «Сыр бойының шежіресі» атты мақаласынан үзінді жариялаған екен.
«Шежіренің әртүрлі сыры бар. Біреу шешендігімен, біреу көсемдігімен, кейбіреулер көп жасаған қарттығымен артына шежіре қалдырып отырады. Бірақ бұлар белгілі бір уақыттың болмаса бір заманның шежіресін айтып артына қалдыра алмайды. Ал біздің айтқалы отырғанымыз аты «Сыр бойының», бірақ Сырдарияда болған ұлы оқиғалардың шежіресі десек қателеспеген болар едік. Елдің өсіп, саяси жағы мен экономикасының жылдан жылға өрлеп, өсіп отырғанының шежіресі. Осы өркеннің қалай жайылғанын өз бетіне жазып келе жатқан газет жайында болғалы отыр.
Бұл шежіре – осыдан 45 жылдай бұрын ғана дүниеге келген «Сыр бойы» газеті туралы. Бұл – астана 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшкеннен кейін туған шежіре. Өзіміз ат қойып, «Сыр бойы» газеті атап, Қызылорда аудандық партия, кеңес комитеттерінің және кәсіп¬шілер бюросының органы болып, оны ресми түрде жарыққа шығарғанынан басталды. Бұл өте ауыр, өте қиын кезең еді. Бұл кез ауылды жаппай коллективтендіру жұ¬мысының жаңа қанат жайып, етек алған шағы еді.
«Сыр бойы» газеті осы тартыс, күрес үстінде дүниеге келді де партия басшыларымен тап жауларын, бай-қулактарға қарсы күресте өзінің жастығына қарамай өз шежіресін бастады. «Сыр бойы» газеті Сыр өңірі еңбекшілеріне талмастан насихат-үгіт жұмысын айбынды түрде жүргізіп отырды», - делінген мақалада.
«Толқын» газеті. Түйе баққанның табысы мол
Қызылорда облысы түйе бағуға қолайлы өңірлердің қатарында. Түйе саны 42 мыңнан асады. Облыс бойынша түйе саны жағынан көш бастап тұрған Арал ауданы. Бірақ «Етікші етікке жарымайдының» кебін кигенге ұқсайды. Ауданда түйе шаруашылығын қолға алып, кәсібін дөңгелетіп, мол табыс тауып отырған халықты кездестіре алмайсыз.
«Өткен жылмен салыстырғанда аудан бойынша түйе өсімі 7,7 пайызға артып отыр. 2017 жылы ауданда жалпы түйе саны 25396 басты құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1947 басқа артыпты. Енді сұрақ. «Осындай өсіммен, оңтайлы есеппен бізде шұбат өндірісі неге шала?» Шынтуайтына келгенде, осы бір кәсіптің өндіріске айналғанын көру әзір арман болған күйі қала беретін шығар. Бізде табынтабын түйе өсіріп отырғандар қаншама?! Алайда, осы кәсіпті шынайы қолға алып, одан шығатын өнімді жергілікті брендке айналдыру ісі жоқ. Қазіргі уақытта ауылдық жерге барып, кез келгеннің қорасына кірсеңіз, боталы түйе кезіктіресіз. Демек, Арал ауданында түйе шаруашылығы кең өріс жайған. Бірақ, базар сөрелерінде арнайы қаптамаға құйылып, сатылымда тұрған мұндай өнімдерді көзіміз шалған жоқ».
Сонымен қатар, автор мақалада алпыс күн аштыққа отыз күн шөлге шыдамды қайырымды малдың қадір-қасиеті мен пайдасын да атап өтеді.
«Қармақшы таңы» газеті. Біз қаншалықты мейірімдіміз?
Бүгінде қоғамның қауіпті дертіне айналған отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан қаншама шаңырақ шайқалуда. Тұрмыстық жанжалды қалай тоқтатуға болады? Ерлі-зайыптылар мұндай қадамға не себепті барады? Осы және өзге де сұрақтарға «Қармақшы таңы» газеті жауап іздейді. Аталған мәселені шешуде медиатор қызметінің жүгінетіндер де бар. Сол жауапты жұмысты мойнына алған заматтардың бірі – Жақсыбай Жәкеевпен шағын сұхбат жасаған.
«Күштінің әлсізге әлімжеттік көрсетуі – әлемдегі ең бейшаралық дер едім. Отбасында араққа сылқия тойған күйеуі әйеліне қол жұмсайды, соққыға жығады. Арада ұрыс-керіс, шу шығады. Бірінбірі даттайды. Зәбір көрген әйел соңында ажырасуға сотқа арызданады. Әйел жұмыс істегісі келмейтін маскүнем күйеумен бірге тұрғысы келмейді. Мұндай кеселдің белең алуына басты себеп – ішкілік пен еркектің табыс таппауы. Жанұядағы тұрмыстық жетіспеушілік.
Ұрып-соғу демекші, ертеде аталарымыз әйелге зорлық-зомбылық көрсетпеген. Қазақ қызын төзімділікке, қанағатшылдыққа тәрбиелеген. Қыз бала тәліміне аса мән берген. Жастайынан кесте тіктіріп, кілем тоқытқан. Мұндай қолөнермен айналысқан қазақ қыздары қашан да ерге сүйеу, елге тіреу бола білген. Қазір нәзік жандыларға осы шыдам мен төзім жетіспейтіндей. Сәл қиыншылықтан сынып, мүжіліп жатады. Жас отбасын сақтауға атсалысудың орнына кей ана: «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп кердігеді. Осы «сыядылар» талай шаңырақтың шайқалуына, талай отбасының ыдырауына сеп болып жүр. Сондай-ақ, келесі бір мысал – келін мен ене арасындағы түсініспеушілік те отбасының ойранын шығаруда. Бірді айтып, бірге кеткендей болып жатырмыз. Қалай айтсақ та, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмаудың бірденбір шарты – салт-дәстүрімізді жаңғыртып, қоғамдық көзқарасты өзгерту», - дейді медиатор Жақсыбай Жәкеев.
«Өскен өңір» газеті. Бала сабақтан неге қашады?
Заң бойынша баласы сабаққа себепсіз бармаған ата-ана 7 айлық есептік көрсеткіш, 17 мың теңгеден асып жығылатын айыппұл төлеуге міндетті. Бұл заңда көрсетілгенімен, көпшілік хабарсыз. «Өскен өңір» газеті осы мәселе туралы оқырмандардың пікірін жариялап отыр. Оқырмандардың ойы бір жерден шыққан сияқты. Үйде ата-аналар баланы қадағалып, басқан ізіне есеп алып отырмаса әсіресе төменгі сынып оқушыларына сенім аздау. Олар сабақтың қиындығынан емес көшедегі түрлі компьютерлік ойындарға алаңдап сабақтан қашатындығы және ата-ананың қарауынан шет қалған балалар екені белгілі болған.
«Шетел тәжірибесі
Әлемнің дамыған елдерінде оқушыны сабақтан қалдырмайтын тәжірибе қалыптасқан. Мәселен, Қытай оқушылары GPS бар киім үлгісін киеді екен. Ол балалардың тұрған жерін нақтылап қана қоймай, олардың түр-тұлғасын да анықтай алады. Егер оқушы сабақтан қашып қыдырып жүрсе немесе рұқсатсыз мектептен кетсе дыбысты дабыл іске қосылады. Ал, оқушы сыныпта ұйықтап қалса, бұл жүйе ата-ана мен мұғалімге белгі береді. Ата-аналар мобильді қосымша арқылы оқушылардың мектеп ғимаратына қашан кіргендігінің бәрін көріп отыра алады. Оқушының түр-тұлғасын анықтайтын жүйесі, балалар киімдерін ауыстырып, үлкендерді алдамас үшін жасалған. Ирландия мен Ұлыбританияда және АҚШ-та полицейлер сабақ уақытында көшеде жүрген жеткіншектерді тоқтатып, мектепке бармағандығының себебін анықтайды. Егер оқушы сабақтан себепсіз қалған болса, оның ата-анасына әкімшілік жаза қолданылады».
«Тіршілік тынысы» газеті. Интернетсіз бір күн
«Ғаламторы болған соң «қалтафонды» қолымыздан түсірмейміз. Осы ғаламтор яғни интернет ғаламда, ғаламда болмаса да Қазақстанда бір күн жұмысын тоқтатса, не болады екен деймін?! Кезіндегі тәулік бойына жарық болмаған секілді бір күн интернет істемей қалса... Әй, бір қызық болар... Қызық болғанда, ең алдымен, миға түсетін салмақ жеңілдеп бір демалып қалар. Адамдар да айналасына көз салып, жанындағылар мен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қалар бәлкім. Оның үстіне адам жүрегі секілді тәулік бойына тоқтамастан жұмыс істейтін телефондар да бір «уһһ» деп алар ма еді?! Әйтеуір, бір күн болса да адам телефоннан тынығатыны сөзсіз».
«Жалағаш жаршысы» газеті. Қайыршының бір күні немесе тәлкекке түскен тағдыр
Адамның алдағы өмірін болжау қиын. Көшеде қайыр тілеп отырған азаматтардың кезінде тұрмысы жақсы, ел қатарлы өмір сүрген жандар екені даусыз. Тағдырдың сан түрлі тәлкегіне ұшырап осы жағдайға түскен жандармен қоса бар тапқанын ішімдікке жұмсайтын қайыршылар да бар екен. Осы орайда жалағаштық әріптесіміз Әзиз Жұмаділдаұлы қаладағы қайыршылардың бір күнін басынан өткізіп көріпті.
«Түстен кейін Айжамал қайтуға ыңғайланып жатқанда жанымызға бір кісі келді. Сырттай қараған жан бұл адамның көптен бері ішкілікке салынғанын бірден байқайды. Бет-аузы іскен. Өзінен біртүрлі қолаңса иіс шығып тұр. Оны көрген бойда Айжамал тапқан-таянғанын ылдым-жылдым қалтасына сала қойды. Ал, ол болса асықпай келді де менің алдымдағы қораптағы ақшаны ала бастады.
– Әй, таста, – деді Айжамал. – Сен мұны білмеуші ме едің?
– Қайдан білейін, бірінші рет шығып тұрмын ғой. Әй, тоқта, бер ақшамды, – дегенше болған жоқ, әлгі адам кері бұрылды да жөніне кетті. Бұл енді таза көше кезген қаңғыбас. Оны артынан қуғанмен пайда жоқ. Сөйтсем осындайлардың бірнешеуі бар екен. Өздері күні бойы ішеді. Ақшалары таусылса, алақан жайып жүргені. Ештеңе табылмаса қайыршы болып отырғандарға бас салады осылай. Айжамал мені аяп «ақша табамын деп, қаңғыбасқа жем болдың-ау» деп қояды. Менің мүлдем басқа адам екенімді ол қайдан білсін. «Ештеңе етпейді» дедім де орнымнан тұрып кете бардым.
Тәлкекке түскен қаншама тағдыр иесі бар? Бұл мен көрген келеңсіз көріністердің бірі ғана. Әлгі сыған «менің орным» деп отырған жерімнен қуған жоқ па?.. Қайдағы біреумен қайыршылық үшін ұрсысып, бейшараның күйін кешпейін дедім. Ал, ана маскүнемдікі не масқара?
..Шырмауы көп ойдың жетегімен келе жатқанда үйге де жеттім. Түні бойы Айжамалды ойлаумен болдым. Ертеңіне базар маңына қайта бардым. Сондағы бар ойым – Айжамалға көмектесу. Бірнеше сағат бойы көпірді торуылдадым. Бірақ, ол келмеді. Ал, әлгі маскүнем алақан жайып әлі жүр екен. «Айжамал неге келмеген?» деп қоямын іштей. Тым болмаса тұратын мекен-жайын біліп алмағаныма өкіндім», - дейді автор.
«Қазалы» газеті. Сандықта сақталған қазына
Қазалы ауданының тұрғыны Айша Бегалиеваның әкесінен қалған көне діни кітаптарды үйінде сақтап келген. Ол редакцияға хабарласып көне жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа таныстыруды жөн көріпті.
«Жақында Алматы қаласындағы діни медреселердің бірінде тәлім алып жатқан жігіт келіп, мендегі кітаптар мен жазбаларды көріп, таң-тамаша болды. Бақсақ, көбі парсы тілінде жарық көрген екен. Ал қолжазбалар деп жүргеніміз, солардың төте жазумен жазылған арабша, қазақша аудармалары болып шықты. Тәуелсіздік — түбімізді түгендеп, түбірімізге терең бойлауға мүмкіндік туғызып отыр. Қазақстан азаттығын алғаннан кейін бір кездері жоғалтып алған мәдени мұраларын қайта іздестіріп, табылғанын жинай бастағаны белгілі», - дейді Айша Бегалиева.
«Бауыржан есімді шәкірттің айтуынша, олардың мазмұндары да әралуан. Қатарында Құран кітабы, емшілік, дұғалар, күнтізбеліктақырыптағы шығармалар қамтылған. Басылымдарда діни ахуал, сол жолда жүрген ерекше жандар өмірлері де беріліпті. Сарғыш тартқан діни бағыттағы дүниелердің бірі 1892 жылы Қазан баспасынан жарық көрсе, бірі 1899 жылы Ташкент қаласында басылып шығыпты».
Фариза ОМАРОВА