Оқушылар арасында әдеби сайыс өтті
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша оқырмандар арасында әдеби сайыс өткізілді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқушылар арасында оқуға деген қызығушылықты дамыту және сауаттылығын арттыруға бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасы мен педагог-кураторлары көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Оның бірі «Кітап оқу сағаты» жобасы, яғни 30 күн ішінде оқушылар мен мектеп қызметкерлері 20 минут бойы белгілі бір кітапты оқып, шығарма бойынша пікірлерімен бөліседі.
Өткен айда мектеп қауымдастығына оқуға ұсынылған кітап – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы. Соғыс жылдарындағы зардаптары мен қайсар мінезді ана мен намысшыл бала өмірі суреттелген шығармаға талдау жасау мақсатында оқырмандар арасында сайыс өткізді.
Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыста 60-тан астам оқушы белсенділік танытты. Сайыс барысында кeyword “Hexagon” - кілт сөздер арқылы кітап оқу және Kahoot- онлайн викторина әдістері қолданылып, оқушылар роман бойынша алған әсерлерін бөлісті.
Сайыс қорытындысы бойынша «Ең үздік постер» номинациясымен «Айлы түн» тобы, «Үздік спикер» номинациясымен 12 «С»сынып оқушысы Ақтолқын Құлысбек марапатталды. Онлайн викторинада роман бойынша сұрақтарға дұрыс көп жауап берген 9 «С» сынып оқушысы Қарақат Тыныштықбай пен Нұрай Амангелді бірінші орынды, 7 «А» сынып оқушысы Шыңғыс Абдуллаев екінші орынды, ал 9 «А» сынып оқушысы Ләззат Өтеп үшінші орынды иеленді.