Мектеп оқушылары қай жастан бастап темекіге əуес болады
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева мектеп оқушыларының жүріс-тұрысы мен тәртібіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«13-15 жастағы оқушылар арасында күн сайын 14,8 пайызы темекі тартады, 18 пайызы алкогольдік ішімдіктерге әуес. Балалардың көбісі, яғни 90 пайызға жуығы нашақорлықтың, темекі тартудың, ішімдіктің зарарлы салдарын түсіне бермейді», - деді С.Айтпаева Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрлерінің атына жолдаған сауалында.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда жасөспірімдер жүктілігінің 33 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның ішінде 15-тен 18 жасқа дейінгілер арасында 9906 түсік жасату оқиғасы анықталды.
Бұдан бөлек сенатор оқушылар арасындағы асқазан-ішек аурулары, көздің көру қабілетінің нашарлауы, тыныс алу органдарының дерттері жиі кездесетінін атап өтті.
«Салауатты өмір салтын насихаттау шаралары ерте жастан балалардың арасында кеңінен жүргізілуі керек», - деді Сәуле Айтпаева.