"Бәрін уси-пуси құртады": мамандар бала тілінің неге кеш шығатынын түсіндірді
Мамандар үш жасқа толған бала анық сөйлей алмаған жағдайда дабыл қағу керектігін ескертті, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Көптеген ата-ана баласының тілі шықпағанына қарамастан, бірден логопед немесе психолог, психоаналитик мамандарға баруға асықпайды. Уақыт өте келе өзі сөйлейді деген үмітпен емді кейінге қалдырады. Бірақ мамандар мұның балаға кері әсері мол екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Сондай-ақ, олар баламен қай жаста болсын, тең дәрежеде сөйлесу керектігін ескертті.Логопед әрі психолог Дана Жұмаділова бала тілінің кеш шығуының негізгі үш себебі бар екенін айтты. Осы үш себеп те баланың ата-анасымен тікелей байланысты.
"Олар — физиологиялық, генетикалық және психологиялық себеп. Біріншіден, баланың ауыз қуысы, жақ сүйегі, тісі мен тілінде қандай да бір кемістік бар ма, жоқ па соны анықтап алуымыз қажет. Мысалы, бала кішкентай кезінде құлап қалып, жақ сүйегі орнынан қозғалып кеткен болуы мүмкін", — дейді Дана Жұмаділова.
"Тұқым қуалайтын кемістіктерден арылуға болады"
Екіншіден, баланың ата-анасының тілі кеш шыққан болса, бұл өз кезегінде перзентінде қайталануы мүмкін. Яғни бұл — заңды құбылыс. Бірақ, осы генетикалық себептің ДНҚ деңгейінде болатынына қарамастан, тұқым қуалайтын ауру мен кемістіктерді емдеп жазуға болады. Логопед бұл үшін әдеттерді өзгертудің жеткілікті екенін айтады. Ал ескі әдеттерді жаңасымен алмастыру үшін маман көмектеседі.
"Бала бір нәрседен қатты қорқып қалса немесе күнделікті тұрмыста ата-анасының жанжалдасатынын көріп өссе, мұның барлығы тілдің шығуына кері әсерін тигізеді. Ал осы психологиялық себептен арылу үшін мықты мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бірақ, тілдің шықпауына психологиялық себеп бар дегеннің өзінде логопед маманға қосымша қаралу артықтық етпейді. Себебі, логопед емделу процесін жеделдетуге көмектеседі", — дейді Жұмаділова.
Сондай-ақ, ол психолог маман ретінде үш жасқа дейінгі балалардың анасымен бірге жұмыс істейтінін айтты. Себебі, екі жасқа дейін бала уақытының 85%-ін анасымен бірге өткізеді. Яғни баланың тілінің шықпауына әсер етіп отырған психологиялық себепті анықтауға анасы көмектеседі. Бұдан өзге үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса, дабыл қағу керектігін ескертті.
Ал психоаналитик Гүлжан Амангелдинова бүгінгі таңда адам жасының жасарып келе жатқанына назар аударуды ұсынды. Яғни психикалық дамуының ерекшеліктеріне байланысты кей жағдайда бала тілінің кеш шығуы қалыпты нәрсе.
"Ондаған жыл бұрын жазылған әдебиеттерге көз жүгіртсек, 25 жастағы аруды "кәрі қыз" деп сипаттағанын көреміз. Ал қазір 25-30 жастағы қыздарды жас деп атайды. Яғни, адамның психикалық тұрғыдан дамуы өзгеріске ұшырап отыр. Бірақ осы даму уақытының өзгеріске ұшырағанына қарамастан, әрдайым бала тілінің қалай шығып жатқанына назар аудару артық болмайды. Мысалы, кейде 3-4 жастағы балалар "қарапайым" сөзбен айтпасаң, түсінбей жатады. Мұндай кезде маманға жолығу қажет", — дейді балалар психоаналитигі Гүлжан Амангелдинова.
"Ата-анасының үмітін ақтау үшін сөйлемейді"
Бұдан өзге психоаналитик балаға ата-анасының оны жоспарлаған сәттен бастап болған оқиғалардың тікелей әсер ететініне назар аударды. Генетикалық және экологиялық факторлар жүктілікке тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, белгілі бір деңгейде жүйке жүйесінің өзгеріске ұшырауына себеп.
"Бала тәрбиесі құрсақта жатқан кезінен емес, ата-анасының ойында пайда болған сәттен басталады. Сол себепті жүктілік кезінде әке-шешесінің көңіл-күйінің жақсы болуы, таза сөйлеуі тілдің уақытылы шығуына әсер етеді. Мұнымен қатар, әйел адамның балалы болуға эмоционалдық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін ескеруіміз керек. Яғни, сәбиді дүниеге әкелу бір бөлек, оған жақсы тәрбие беру екінші дүние. Мысалы, баламен бес айлық болсын, екі жаста болсын, тең дәрежеде сөйлесіп, кітап оқып беру маңызды. Әрине, адам баласы болғандықтан, арасында уси-пусилер кетіп қалады. Бірақ осы еркелетіп айтатын сөздер балаға кері әсерін тигізеді", — дейді маман.
Әрі қарай Гүлжан Амангелдинова балалар үшін тілінің шықпауының өзі үшін пайдалы себебі болуы мүмкін екенін айтты. Психоаналитик қандай жағдай болмасын, баланы өзге құрдасымен салыстырмауға кеңес берді. Сондай-ақ, үйде бірнеше тілде сөйлеудің балаға айтарлықтай әсер ететінін жеткізді.
"Ата-ана үшін бала әрдайым кішкентай болып қала береді. Осыны бейсаналы деңгейде сезген бала сөзсіз әке-шешесінің үмітін ақтауға тырысады. Екіншіден, тұңғыш балалардың өзінен кейінгі іні-қарындасын қатты қызғануы себеп. "Бұл кішкентай сәби сөйлей алмайды. Бәрі оның айналасынан табылып жүр. Олай болса мен де соған еліктеймін" деп ойлауы мүмкін. Мұндайда логопед мамандардың да көмегі мол. Мысалы, анасы немесе маман ернін қызыл далаппен бояп баламен сөйлесетін болса, бұл тілдің ертерек шығуына әсер етеді. Себебі қызыл түске боялған еріннің қалай қозғалып жатқанын оңай көруге болады", — дейді психоаналитик.
Бұдан өзге маман баланың экстроверт немесе интроверт екеніне назар аударуды ұсынды. Өйткені интроверттер табиғатынан тұйық келетіндіктен, олардың тілінің кеш шығуы заңды құбылыс. Ал экстроверттер керісінше көбірек сөйлеп, ширақ келеді.
Қай кезде дабыл қағу керек?
Астана қаласындағы балаларды оңалту орталығының маманы Ардақ Әкібаева ата-аналардың маманға жолығуға уақыты немесе ақшасы жоқ болса, интернеттің көмегіне жүгінуге кеңес берді. Сондай-ақ, ол жүкті әйелдердің денсаулығын күтуі керектігін ескертті. Себебі суық тигізіп алу, тұмау сынды аурулардың өзі бала тілінің кеш шығуына әсер ететінін айтады.
"Бала бір жасқа толғанда сөздік қорының тым аз екенін байқасаңыз, бірінші невропатолог маманға жолығу қажет. Ал егер маманға жолығуға қаражатыңыз болмаса, интернеттен саусақтың көмегімен жасалатын артикуляциялық жаттығулардың видеосын тауып алып қарауға болады. Сондай-ақ, балаға айналасындағы кез келген заттың атын атауға тырысыңыз. "Қазір үстіңдегі сұр жемпірді кигізейін. Оның орнына қызылын кигізейін. Аюдың суреті қандай әдемі. Мынау су, оны ағызып, беті-қолыңды жуайық" дегендей. Сондай-ақ, анасы тілімен жаттығу жасап көрсетсе, бала оны міндетті түрде қайталайды", — дейді логопед Ардақ Әкібаева.
Десе де, маман қазіргі жас аналардың өте сауатты екенін айтады. Тіпті, бір-бір жарым жасқа толмаған балаларының денсаулығына байланысты кеңестер алып кетіп жатады.
Ал Атырау облыстық перинаталдық орталықтың реабилитация бөлімінің жоғары санаттағы логопед-дефектологы Танзиля Омарова бала тілінің кеш шығуына асфиксия әсер етуі мүмкін екенін айтты. Бұл — ағзада көміртегі газының молайып, қанға оттегінің жетіспеуі. Маманның айтуынша, ол ауыр жүктілік немесе босану кезінде пайда болады. Оған жатырдағы нәрестенің мойнына кіндіктің оралып, босанғанда көп қан кету себеп.
Асфиксия дегеніміз не?
"Асфиксиямен туған балалар бірден дауыс шығармайды. Оның ауыр және жеңіл түрі болады. Бірақ қай түрі болмасын, нәрестенің жүйке жүйесі қызметінің әлсіреуіне әкеліп соғады. Мысалы, асфиксияның жеңіл түріне шалдыққан баланың мектепке дейінгі жаста жүйкесі мен психикалық дамуы жақсы болғанымен, кейін басы айналып, тез шаршап, ашуланшақ болып, есте сақтау қабілеті мен зейіні нашарлайды. Сондай-ақ, мектеп бағдарламасын меңгере алмай қиналады. Бұл жағдайда баланы, алдымен, невропатолог маманға көрсету қажет", — деді логопед маман.
Әрі қарай Танзиля Омарова мұндайда миға қан құйылып, қан айналымы жүйесі қызметінің бұзылатынын айтты. Жарақат көбінесе әйел адамның жүктілік кезінде қиындықтарға тап болуымен байланысты. Дәрігерлердің кесарь тілігі әдісімен босануды ұсынуының да себебі осы. Бірақ бұл әдістің де жағымсыз тұстары бар.
"Тәжірибемізден кесарь тілігінің көмегімен дүниеге келген балалардың зейіні тұрақсыз келіп, әртүрлі кемістігі болатыны белгілі. Сондай-ақ, бас сүйегі ішіндегі жарақатпен дүниеге келген нәресте арасында жүйке жүйесінің, психикасының кеш дамуы, сал ауруына шалдығу жиі кездеседі. Невропатолог дәрігерлер психомоторлы дамуында ауытқушылығы бар балаларға "перинаталды энцефалопатия" деген диагноз қойып жатады. Бұл да баланың сөйлеу функциясының дамуына кері ықпалын тигізеді", — дейді маман.