Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылады
Биыл Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылады. Демеушілік есебінен жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаны жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізілуде, деп хабарлайды «Qyzylorda» телеарнасы.
Қыс мезгілінде бір үйді жылыту үшін шамамен 10-12 тонна көмір қажет. Ол шамамен 200 мың теңге тұрады. Көмір жағып үй жылытқан жақсы, алайда оның бейнеті өз алдына.
Ғани Мұратбаев ауылының тұрғындары көмір жағып күйе болудан, күл шығарып ыс болудан арылатын күн алыс емес. Өйткені ауылға газ келетін болды.
Алақандай ғана болғанымен бұл ауылда 1500-ден астам халық тұрады. Оның үстіне аудан орталығына жақын орналасқан. Сол себепті Мұратбаев елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрші ауылдардан бұрын көрмек.
«Газдандыру жұмыстарымен айналысқан азаматтармен сөйлестік, олар мемлекеттік жеке-меншік әріптестік аясында жұмыс жасауға, көгілдір отынды ауылға тартуға дайын. Бұл жұмыстарды ауданның экономика бөліміне бекітіп беру жоспарланып отыр», - дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Ағайынды Елубай мен Ербол 6 жылдан бері мал бордақылаумен айналысып келеді. Алғашында 9 бас мүйізді ірі қарамен шаруаны бастаған. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінде мал басын 100-ге жеткізіп отыр.
«Кәсіпті алғашқыда өз үйімізден бастадық. Қазіргі таңда арнайы орында кәсібімізді жалғастырып келеміз. Бүгінде бордақылау алаңын салып ісімізді алға жылжытып келеміз», - дейді кәсіпкер Ербол Әбілтаев.
Негізі ауданда 4513 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Онда 8933 адам жұмыс істейді. Жыл ішінде 11,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Қолдау болған соң кәсіппен айналысуға ниеттілердің саны артып келеді. Мәселен Құмжиек ауылының 7 азаматы өткен жылы арнайы курстан өтіп, жобаларын қорғады. Барлығы несие алып, кәсіптерін бастады.
«2018 жылы мемлекет тарапынан аудан кәсіпкерлеріне 1 млрд. 664 млн. теңге қолдау көрсетілді. Атап айтқанда 41 кәсіпкер екінші деңгейлі банктерден 898 млн. теңге несие алды. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен құны 424 млн. теңгені құрайтын 12 жоба «Даму қоры» АҚ арқылы сыйақы мөлшерлемесімен бір бөлігі субсидиаланды», - дейді аудан әкімі.
Басықара ауылының тұрғындары осыған дейін ауыз суды көшеден тасып ішті. Қыстың күні құбырлар қатып қалып, біраз қиыншылық көретін. Әбден тозығы жеткен электр желілері де сәл жел тұрса істен шығып, жарық өшті. Осындай күрделі мәселелер былтыр шешімін тапты.
«19 километр әуе желісі тартылды, 135 дана электр бағаналары орнатылды. Қазіргі кезде бұл жұмыстардың барлығы аяқталып, халық өз игілігіне пайдаланып отыр. Ауыз суды мекемелер мен ауыл тұрғындары тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз пайдаланып отыр»,- дейді Басықара ауылдық округінің әкімі Дархан Алпысбаев.
Ауылдағы балабақша ғимаратының тозығы жетіп тұр. 1967 жылы салынған нысан мүлдем күрделі жөндеу көрмепті. Тұрғындар аудан әкіміне жаңадан балабақша салынса деген ұсыныс айтты.
«Ауылдың балабақша ғимараты тозығы жетіп тұр. Ғимарат Кеңес дәуірінде салынған. Ғимарат құлаудың алдында тұр», - дейді ауыл тұрғыны Төлепберген Тілеуғабылов.
Бұл ұсынысқа аудан әкімі «Қазіргі уақытта жаңа ғимарат салу қиын. Сондықтан балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмыс жасалуда» деді.
Ауданда бау-бақша дақылын көп егетін Жалаңтөс батыр ауылы өнімдерін Әйтеке би кентіне апарып өткізеді. Бірақ арнайы белгіленген сауда орын жоқ. Сондықтан тұрғындар осы мәселені шешіп беруді сұрады.
«Егіншілер көктемде егіп, күзде жинаған өнімдерінің нәтижесін көру керек. Заң бойынша саудагерлер белгіленген жерде сауда жасауы қажет. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады», - дейді аудан әкімі.
Айта кетерлігі, бұл ауылдардың барлығына көшелерді асфальттау, жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған қаржы қаралған. Тек ауыл ақсақалдары кеңесіп бірінші кезекте жөнделуі керек көшені аудан әкімдігіне ұсынулары қажет.