Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары балалар ауылына барды
Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мұстафа Шоқай» шаңырағының оқушылары мен мектептің бір топ ұстаздары «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылына барды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Мектептегі «Қоғамға қызмет» әлеуметтік жобасының жетекшілері ұйымдастырып жүрген қайырымдылық шаралары бұған дейін әр түрлі мекемелерде жүйелі түрде өткізіліп жүр.
Бұл жолы барған «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы шара ерекше әсерлі болды. Танысу активитиінен соң балалар үйіне барған барша мұғалімдер мен қосымша білім беру педагогтері өздері жетекшілік ететін үйірме мен пәндер бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
Зияткерлік мектептің мұғалімі Жарасбек Өтебаев ән-күй сабағының сырларымен бөлісіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне хормен ән шырқатса, Нариман Сариев бейнелеу өнер пәні бойынша ақ қағазға әсем суреттің қалай салынатынын көрсетті. Ағаш ою өнеріне де қызығушылық танытқан оқушылар Жанұзақ Темірбеков сабағына қатысып, өз қолдарымен ерекше бұйымдар әзірлеуге мүмкіндік алды. Жас жеткіншектердің бір сәт сергіп, көңілдерін көтеру үшін мектептің хореографтары да оқушылармен көңілді шаралар ұйымдастырды. Бір ізді тәртіппен өтетін күнге кішігірім ерекшелік енген бүгінгі күнде балалар ән шырқап, би билеп, түрлі өнердің тарауларына үңілді.
Шара сңында «Атамекен» ауылының балалары мен тәрбиешілер өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Және де осындай шаралардың жиі ұйымдастырлуы туа сала тағдырдан таршылық көрген, қам көңіл балалар үшін өте маңызды екенін тілге тиек етті.