Жаңақорғандық жастар кілем тазалайтын кәсіп ашты
Биыл ақпан айынан бастап «Zhas Project» жобасы бойынша жеңімпаз атанған жастарға берілетін шәкіртақы тоқтайды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Жаңақорған тынысы» газетіне сілтеме жасап.
Жоба аясында жеңімпаз атанған жастар бұдан әрі өз істерін жеке кәсіпкер ретінде жалғастыратын болады. Осы орайда айта кету керек, мемлекет тарапынан жастар қауымын жұмыспен қамту мақсатында қабылданған бұл жоба қазіргі таңда қала мен ауыл жастарын жұмыспен қамтып, нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетуде.
Осындай жаңашыл жоба Жаңақорған ауданы Ақүйік ауылы жастарының жаңадан кәсіп ашып, еңбек етуіне даңғыл жол ашты. Соның кәсіп бастағандардың бірі, жоба көшбасшысы – Жұлдызай Әбдіқайырдың «Ерікті жастар – болашаққа бастар» жобасы.
Жастар 6 айы уақыт ішінде 30 шаңырақтан 120 адамды қамтып, кілемдерін ақысыз жуып, қол жәрдем көрсетті. Топ құрамында Назира Қасымханова, Оспан Оғлай бастаған жастар елді мекен тұрғындарының алғысын алып, азаматтық танытты. Ал, жоба менторы Еркебұлан Исаев үнемі замандастарына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Ендігі Жұлдызайдың арманы асқақ. Ол – көктемнен бастап химиялық тазалау орталығын ашсам деген ниеті бар екенін жасырмады. Ол кілем ғана емес, автокөліктің орындық жапқыштары мен киім-кешекті химиялық тазалаудан өткізіп, кәсібін өрге домалатуды жоспарлап отыр.