Б.Залесский қазақтар туралы: «Әйелдердің тағдырлары күйеулерінің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында»
oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі бүгіннен бастап өз оқырмандарына саяхатшылардың, ғалымдардың, қаламгерлердің еңбектері мен естеліктерінен үзінділер жариялайтын болады.
Ең алдымен, поляк суретшісі, ХІХ ғасырда Ұлы даланың тыныс-тіршілігімен танысқан Бронислав Залесскийдің «Қазақ даласының өмірі» атты кітабы назарға түсіп отыр.
Кітапта суретші қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлері мен өмір сүру салтын, тұрмыс-тіршілігін, сондай-ақ қазақ әйелі жайында сипаттап жазып, қазақ даласы мен халықтың тіршілік қамындағы сәттерін қағаз бетіне түсірген.
Кітаптың алғы сөзінде айтылғандай, бұл кітап тек тарихи маңызымен ғана емес, сондай-ақ бүгінгі оқырманды да бей-жай қалдырмайтындай шыншылдық қасиетімен құнды. Ендеше, Б. Залесскийдің сөзіне зер салыңыз.
Қазақ әйелі
Әйел қауымының жай-күйіне, тіршілігіне қарап кез келген қоғамның даму дәрежесін бақылауға болатындықтан қазақтардың дүниетанымына, тіршілік ерекшеліктеріне қарап, олардың әйелдерінің өміріндегі қызметін, рөлін оңай мөлшерлеуге болады. Басқа мұсылмандар сияқты қазақ қыздары үйге қамалып отырмайды, оларды көледенең өткен көк аттыдан қызғанатын тәртіп жоқ, бұл мәселеге келгенде бұларды толық бостандықта деуге болады. Осынша кең жазирада мал бағып, бытырап жүрген елде басқадай тәртіп болуы мүмкін емес. Осындай еркіндіктердің бәріне қарамастан, әйелдердің тағдырлары күйеулерінің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында деуге болады, әйел еркектің өмірлік серігінен гөрі оның тіршілігінің бар тауқыметін арқалаушы азапкер іспетті. Барлық жұмыс соның мойнында. Егер отағасы үйде отырғанда әлдекімдермен әңгіме-дүкен құрмаса немесе ат үстінде, түзде жүрмесе қалған уақытын ұйқыға арнайды деген сөз. Көшкенде киіз үйді жығып, қонған жерде оны тігу, үйдегі бар тіршілікке бас-көз болып, дүниені орын-орнымен жұмсау, егер де отағасы жол берер болса, онда үйірден атын ұстап әкеліп ерттеу, сонан соң қожасын қолтықтап, атына мінгізіп жіберу – бәрі-бәрі де әйелдің міндеті. Ол қымызбен, тамақпен еркектерді, қонақтарды сусындатып, тойдырып болған соң ғана өзі тамақтануға отыруға тиісті. Бір сөзбен айтқанда, осы бір сүреңсіз тіршіліктің негізгі ұйытқысы – әйел.
***
...Қалыңмал мөлшері құдалардың мүмкіндігіне, әлеуметтік дәрежесіне қарай, мал санымен ондаған, жүздеген қой, жылқы, тіпті бірнеше түйе беретін болып мөлшерленеді. Алым-берімнің тез төленіп, мәселенің тез шешілер кезі сирек. Мал құнын күміспен есептеп, бір-бірінен бағаны қымбаттатуды не арзандатуды талап етіп, келісе алмай ұзақ керісіп, әуре болар кездері көбірек.
Қалыңмалдың жартысы төленген соң күйеу жігіт қалыңдығына, болашақ қайын жұртына келіп-кетіп тұруға хұқылы. Жастар үшін оңашалау жерге, жағдайға қарай киіз үй, жолым үй, болмаса шатыр тігіп қояды. Бірақ қалыңдық ойнауға келген күйеу жігіттің үйге қараңғы түскенше келуіне, жерге жарық түскенде кетуіне, яғни ел көзіне түсуге хақысы жоқ. Егер ол күндіз қолға түсіп қалса, салт бойынша, ауыл жігіттерінен сазасын тартуға тиісті.
Нағыз еркіндік қалыңмал төленіп болған соң ғана беріледі. Күйеу жігіт қалыңдығын қыз билігі өзіне көшкен осы кезден кейін ғана үйіне түсіре алады.
Ежелгі дәстүр бойынша қалыңмал негізінен қыздың жасауына ұсталуға тиіс, бірақ қазір керісінше, кедей қыздың әкесі қалыңды өз иелігінде қалдырып, қызын мардымсыз жасау – бір-екі қабат киім-кешегін, ұсақ-түйек үй мүлкін беріп ұзата береді. Үйлену салтын бұл дала жұртында бола бермейтін дін өкілінің қатысуынсыз-аө өткізе береді.
***
...Жас келіншек әкесі мен күйеуінің алдында суырылып, көп сөйлемеуге тиіс. Бірақ өз бастары қосылып киіз үйде оңаша қалғандай болса, ауыздары сөзден босамайды десе де болады. Олар үй шаруасының таусылмас жұмысынан қолдары қалт еткенде, шығыс әйелдері сияқты іс тігуге, ою-өрнекті киіз басып, орамал кестелеуге отырады. Олардың бұл өнерінде биік талғамның барын айтуымыз керек.