Қызылордадағы мектеп асханалары санитарлық талапқа сай болмай шыққан
Денсаулық сақтау саласы, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар комитетінің өкілдерінен құралған мониторингтік топ «Нұр Отан» партиясының «Мектеп асханалары» жобасы аясында бірнеше рейд өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қызылорда мектептеріндегі асханаларда жоспарлы мәзір талапқа сай бекітілмейді. Тағам құнарсыздығы мен тамақ сақтау тәртібінің бұзылуынан бөлек, қарапайым ыдыс-аяқтың өзі дұрыс жуылмайды. Оқушыларды тамақтандырудағы олқылықтарды орта білім беру ұйымдарына тексеріс жүргізген ведомствоаралық сарапшылар тобы анықтап отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардан өзге жылдық және апталық мәзірдің жасақталуы, сондай-ақ тыйым салынған азық-түліктің сатылуы қатаң бақылауға алынды.
Жандос Тұсмағамбетов, арнайы мониторингтік топ жетекшісі:
– Небәрі 220 теңгелік біркүндік тамақтың берілуі ақылға қонымсыз. Құнарлылығын жоғалтады, сондықтан балаларға ұтымды тамақтануда жақсы мәзір жасау керек деп ойлаймын. Осындай кемшіліктерді анықтап, партия өкілдеріне ұсыныс жасап жатырмыз.