Қазақстандықтар банктерге 6 трлн теңге қарыз (видео)
Қазақстандықтар жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алғанмен, өткен жылдың еншісінде қайтарылмаған қарыздың жүгін арқалағандарынан бейхабар. Себебі, Бірінші кредиттік бюроның есебіне сай, биыл қарапайым халық банктерге 6 триллионға жуық қаражат берешек екен.
Сондай-ақ, несиесін қайтаруға шама-шарқы жетпейтіндердің қатары ұлғайыпты. Мамандар “ұлттық экономика күрт төмендеп кете ме?” деп алаңдап отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Қайда тартсаң да жетпейді». Ұшырасқандарың бәрі келісіп алғандай осыны айтады. Ал, екінің бірінің басында бірнеше несиеден бар екен. “Қаржыдан қысылғанда тығырықтан шығар бірден-бір жол осы” дейді.
«Қазіргі кредиттер оңай емес қой. Неше есе, былай береді де неше есе қып төлетеді».
«Қиын енді, не істеймін төлеп жатырмыз. Қарызым бастан асып жатыр».
«Пенсионердің несиесін аламыз ғой енді. Әрине, сезіледі».
Банктердің қаржылық жағдайына қанық Бірінші кредиттік бюродағылар жағдай көңіл көншітпейтінін айтады. Несие алушылардың қатары артқан, есесіне қарыздарын қайтармайтындар да көбейген. Ал коллекторлық компаниялар сатып алған кредиттік үлестің жартысынан көбі өтелмепті. Жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге борышкер.
«6 триллион деп отырғанымыз бұл тек жеке тұлғалардың алған несиесі. Оның ішінде мүлдем өтелмей, ісі сотқа түскендер де бар. Бұдан өзге, заңды тұлғалардың несие портфелі бар. Ол 15 триллионға жеткен» – дейді Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры әсем Нұрғалиева.
Ал несиеге күн көретіндердің көбісі қалалықтар екен. Алматы қаласы мен Түркістен, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облысының тұрғындары бұл тізімде көш басында. Осы аймақтардың халқы мерзімі өткен несиелер бойынша да алдыңғы орында. Ал, экономист таныстарын салып, банктерден төмен пайызбен заңсыз несие алу азаймай тұрғанын айтады. Бұл да борышкерлердің көбеюіне әсер етуде.
«Өкінішке орай, Қазақстанда сондай нәрселер бар. Банктерде мәселен, біреулер айтады 20 пайызын алып қал, маған кредит әперші дейді. Оның ешқандай жұмыс істейтін орны жоқ. Небір бүгін әйтеуір ақша керек, қарыз. Қай жерден тапса да табу керек. Анау ағайыннан сұрайды, мына ағайыннан сұрайды ,таппаған соң кейбір банк пен халықтың араларында заңды бұзып кредит әперетіндер бар» – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.
Мамандар алда-жалда кей банктер банкрот болып, жұмысын тоқтатып жатса нағыз былық сонда болады дейді. Себебі, коллекторлық компаниялар сатып алған келісім-шарт негізінде қарапайым халықты қысып, тіпті, несие пайыздарын көбейтеді. Тіпті, тұрпайы әрекеттерге де баруы мүмкін.
«Оларға денсаулығына, өміріне қауіп төндіреміз деп қорқытатын кездері болады қарыз алушыларды. Ондай жағдайда милияға, полицияға, құқық қорғау органдарына ресми түрде арыз жазып, осындай телефоннан хабарласып менің өміріме, денсаулығыма қауіп төндіреміз жеп қорқытып жатыр деген арызбен жүгіне алады. Ондай жағдайлар өте көп болады» – дейді заңгер Жасұлан Нұрмұхамедов.
Заңгерлердің айтуынша, коллекторлық компаниялар “Коллекторлық қызмет туралы” заңға сай жұмыс істеуі керек. Ал, өзін “сот, прокуратура өкілімін” деп таныстырып, несиенің пайызын өндіруді көздейтін коллекторлардың әрекеті заңға қайшы. “Біреудің тыныш жатқан туысын қорқыту мүлдем дұрыс емес. Ал, несие құпиясын жария етуге ешкімнің құқығы жоқ” дейді мамандар.
Елімізде 18 миллионнан астам адам өмір сүрсе, оның үштен бір бөлігі, яғни 6 миллионнан көбі банктерден несие алып, қарызға белшесінен батқандар екен. Оның үстіне, биылғы көрсеткіш бойынша 1,5 миллион адам алған несиесін өтеуге қауқарсыз. Мамандардың сөзінше, бұған себеп, еліміздегі несие берудің пайыздық үлесінің жоғары болуы.
«Банктердің де кінәсі. Өйткені банктер қарасаңыздар бұндай дүниежүзінде ондай жоқ. 25 процент, одан көп. Кейде ондай проценттер Германияны қарасаң 1-2 процент, 4 процент. Бұл сондай әскері үлкен деп санайды. Бүкіл Еуропада сондай. Ал бізде қарапайым азамат қайда барады, кейде жағдайы болмайды» – дейді саясаттанушы Марат Башимов.
Мамандар бұл жағдайға квазимемлекеттік сектор да кінәлі дейді. Себебі,банктер жеке активтері аз болғандықтан несие пайызын өсіріп, халықтың қалтасын қағуды ойлайды. Сондықтан, “талай көтеріліп, әлі шешімін таппаған “Жеке тұлғалардың банкроттығы” заңын қабылдайтын уақыт келді. Өйткені, бұл заң жобасы бірқатар мемлекеттерде күшіне енуде әрі халықты жоқшылықтан сақтауға себін тигізеді” дейді олар.