Осыдан 27 жыл бұрын Қызылорда педагогика институтына Қорқыт Ата есімі берілді
1992 жылы 14 қаңтарда Қызылорда педагогика институтына ежелгі түркілердің ұлы ақыны, әрі композиторы Қорқыт Ата есімі берілді.
Бүгінде тәуелсіз мемлекет ретінде әлем танып отырған қазақстандық білім мен ғылымның да тамыры тереңде. Орта ғасырлардың өзінде қазақ топырағынан шығып, есімдері әлемге танылған әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Ж.Баласағұн, т.б. ғұламалар артына өшпес мұра қалдырды. Осындай ұлы тұлғалардың арасында әлемдік озық ойдың иесі, түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт атаның орны ерекше. Тұтас түркі халықтары үшін киелі мекен Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның, руханияттың терең тамырының бастауы Қорқыт баба өмір сүрген кезеңдермен тұспа-тұс келеді.
Өзінің бастау бұлағын осыдан мыңдаған жылдар бұрын Платон академиясы, Аристотель лицейі, Александрия мұражайы сияқты Еуропа жоғары оқу орындарының құрылуынан бастайтын университеттік білім берудің іргетасы Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қалана бастады. Алғашқы жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 12-ге жетті. Соның бірі корей халқын Қиыр Шығыстан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысы бойынша Қызылорда қаласына көшірілген Қиыр Шығыс Корей педагогикалық институтының негізінде құрылған Қызылорда педагогикалық институты болатын. Бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің іргетасы осылайша қаланды. Көршілес Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жоғары білімді мұғалімдер даярлайтын оқу орындары болмағандықтан, Сыр өңірінде педагогикалық жоғары оқу орнының ашылуы сол кезеңде тарихи маңызы зор оқиға еді.
80 жылдан астам тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бабалардан мирас болып ғасырлар қойнауынан жеткен білім мен ғылымның бүгінгі мұрагері десек болатындай. Осы жылдар ішінде университет мамандар даярлауда өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі жоғары оқу орнына айналды. Білім ордасының түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет атқаруда. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, өнер және мәдениет майталмандары, ғылым мен спорт саңлақтары бар.