Асқар Тоқмағанбетовтың біз білмейтін қыры
Қазақтың қырғи тілді ақыны – Асқар Тоқмағанбетовтың үйі қазіргі күні тарих тәбәрік еткен жәдігердей сол күйі сақтаулы, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Qyzylordа» телеарнасына сілтеме жасап.
Сатирик ақынның үйі өзінің көзі тірісінде қандай болды, күні бүгінге дейін сол күйінде сақталып тұр. Киімдері, жұмыс үстелі, тіпті 1983 жылы 21 тамызда ақынның жүрегімен бірге тоқтаған сағаты да сол қалпы, өзгеріс жоқ. Ақын жұмыс үстелінің иесіз бос тұрғанына да 36 жылдан асып барады екен.
«Әкем осы кабинетке келе жатқан еді, сол уақытта жүрегі тоқтап, дүниеден озды. Кейін көз салсам, сағаты да сол уақытта, тура екіде тоқтаған екен. Қазір қолжазбаларын, кітаптарын сақтап отырмыз. Әкем көзі тірісінде 70-ке жуық кітабы жарық көрді. Біраз кітаптарын ұлттық музейге өткіздім», - дейді ақынның қызы Аякөз Тоқмағанбетова.
Асқар Тоқмағамбетов бүкіл өмір жолын кіммен кездесті, кімнен тәрбие алды, барлығын қағазға жазып қалдырған. Соның ішінде мына хатта: «Менің ең алғашқы өлеңімді «Еңбекші қазақ» газетіне жариялап, газет бетіне шығарған Сәбит Мұқанов болатын. Қазақтың «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дегеніндей, Сәбитті сондықтан да шығар жақсы көретінім» делінген.
Мұндай хаттар ақынның жұмыс бөлмесінде өте көп. Әрайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен, оның өлеңі жазылған газеттің қиындысын екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан жауынгер соғыстан кейін хатқа салып жіберген. Ақын өлеңінен қуаттанған сарбаз майдан даласында газет қиындысын төс қалтасына сақтап жүріпті.
«Соғыс біткеннен кейін Ташкенттен бір оқырман хат жазып жіберіпті. Сонда ол кісі «мынау сіздің «Батыр Әли» деген поэмаңыз майдан даласында жүргенде менің төс қалтамда жүрді. Қазіргі бейбітшілік заманында соғыс куәгері ретінде сіздің өлеңіңізді сізге жіберіп отырмын» деген», - дейді Аякөз Тоқмағанбетова.
Асқар Тоқмағанбетовтың поэзиясы өз өміршеңдігімен мәнді. Ол сатирик ақын ғана емес, дара прозаик, білікті драматург, аударма саласындағы еңбегі де бір төбе болатын.
«Үйде сақталған Садриддин Айнидың «Құлдар» романын Қалтай Мұхамеджанов екеуі аударған. 1939 жылы шыққан, 80 жылдық тарихы бар Тараз Шевченконың кітабын аударып, қазақ оқырмандарына жеткізген ақындардың бірі. Сондай-ақ әкем, балалар әдебиетіне де үлес қосқан. Оның «Алыптар туралы ертегі», «Базар жырау», «Түрксіб түйіскенде» атты кітаптары ақынның шаңырағында әлі де сақтаулы.
Қызы Аякөз Тоқмағанбетованың айтуынша, ақынның былайғы жұрт біле бермейтін тағы бір қыры – қаламгер мәнді де, сәнді киіне білген. Асқар Тоқмағанбетов дүкеннен алған шляпаларының жиегін қиып, ерекше стильде өзіне ыңғайлы етіп сәндеп алатын болған.
Ақынның бөлмесінде сақталған тағы бір құнды жәдігерлердің бірі – орыс жазушысы Максим Горькийдің қолтаңбасы бар бүкілодақтық Жазушылар одағына мүшелік билеті. Бұл билетті ақын 1934 жылы Мәскеуде алған.
Жазушы Сәбит Мұқанов кезінде оған «Асықпа, Асқар, ақын боласың» деген екен. Ақын болды. Жай ақын болған жоқ. Мұхтар Әуезов айтқандай «Қазақтың қырғи тілді ақыны» атанды. Ол сонда да, мен, мен деп төсін қақпады. «Атым Асқар болғанмен, өзім асқар емеспін» деп қарапайым қалпын сақтады.
Ақын мұрасы мол қазына. Іздеуші халқы бар да, тума таланттың еңбегі мен өмірлік қолтаңбасы заман өзгергенмен өміршеңдігін сақтап қала бермек.