Қожа мен Сұлтан фильмге қалай таңдалды?
Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша кино түсіру үшін шығармашылық топ басты рөлге баланы көп іздеген. Режиссерлер берісі Алматы, Жамбыл облысынан іздесе, әрісі Бішкекке дейін хабар салған. Сотқарлығы басым Сұлтанның рөлін ойнайтын да жасөспірім табыла қоймаған.
Сәті десе қай жерден деп сұрары бар ма, Қожаның болмысын ойнаған Нұрлан Сегізбаев өмірде де балалығында нағыз тентек болған. Осы фильмнің екінші режиссері Тұрар Дүйсебайұлы қасында кинооператормен Алматыда асханаға бара жатқан жолда кездейсоқ кезіккен. Ақ фартук таққан сыныбындағы екі қызды өкшелей қуып келе жатқан көзінде оты бар бадырақ көз бала Нұрланға кезіккен ғой.
– Ішімнен «жер-көктен іздеген Қожамыз осы» деп түйдім. Екеулеп жүріп шап беріп ұстап алдық. «Жібер, жібер мені» деп қояр емес. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соның рөліне лайық екен, атың кім өзіңнің?», - деп жөнімізді айттық. «Не надо, я не хочу сниматься в кино!» - деп азар да безер. Аты мен мекенжайын сұрап қанша әлектенсек те, тіс жармады. Қырсық екен өзі. Әлгінде қашып бара жатқан қыздар бізге таңдана қарап тұр. Содан әлгі баланың аты-жөнінің Нұрлан Сегізбаев екенін, әкесінің қызмет орнын сол қыздар айтып берді. Тез арада хабарластық. Әкесі министрлер кабинетінде жұмыс істейтін қартаң кісі екен. «Ой, балам көнбейді, өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар», - деп болар емес. Мекенжайын сұрап алып, кешкісін үйіне бардық. Бала перденің ар жағынан жылтың-жылтың етіп, біз жаққа сығалап қарап жүр. Кенже баласы болған соң тым еркелетіп жіберген екен. Ата-анасы «өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса бізді кінәламаңыз» дегендей ыңғай білдірді. Ақыры отбасымен көндіріп, кинопробаға шақырдық», – деп режиссер Тұрар Дүйсебайұлы әсерлі сәтті еске алды.
Қожа рөлінде ойнаған Нұрлан Сегізбаев қанша тентек болса да мектепте оқу озаты болғанын айтады. «Киноның желісі құтты бір менің өміріме арналған секілді. Тентектік те, өжеттік те болды ғой», - дейді танымал актер сөз арасында.
Бір ұрпақтың алдында ер жетіп, азамат болған актер өмірі танымалдығын бұлдаған емес. Мектеп мұғалімі болып, оқушы, оқытушы болып жүріп студенттерге дәріс берді. Ол кісінің қарапайымдығы сондай, 50-ден асқанша баспанасыз жүрді. Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов қайта танымал актердің жағдайынан хабардар болып, пәтер бергізіпті.
«Менің атым Қожа» фильмінде Сұлтанның рөлінде ойнаған Маратты, мәселен, режиссерлер моншадан тапқан.
– Ал Сұлтан рөліндегі Марат Кәкеновті моншадан таптым. Сыриған арық балаң жігіт дөрекі мінезімен, шарт-шұрт қимылымен көзіме ерекше көрінген еді. Оны сынайын деп, «арқамды езіп берші, балам» деп өтіндім. «Арқаңды езетін мен саған моншашымын ба?» - деп өзіме дүрсе қоя бергені. Айтарын айтып, көз алдымнан ғайып болды. Артынан жүгіріп шыққанымша, шығып үлгеріпті. Шешесі жақын жерде балмұздақ сататынын сұрап біліп, іздеп бардым. Ол да әлгі Қожаның әкесіндей тулады. «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар әрі жалғыз ұлымыз болған соң, бетінен қақпаушы ек, көне қоймас», - деді. Әйтеуір бәріміз жабылып көндірдік. Түйсігім алдамапты, екеуі де сенімді ақтап, өте жақсы ойнады», – деп Тұрар аға әсерлі әңгіменің соңын қайырды.
Тура 50 жыл – жарты ғасыр өтсе де, «Менің атым Қожа» көркем фильмінен көрермен қауым жалыққан емес. Теледидардан көрген сайын көңілі көтеріліп, қайта-қайта қайталанса да, кино желісін алдын-ала бір-біріне айтып отыратын бала шоғыры да үзілген жоқ. Қазірде киноиндустрия техникалық тұрғыда дамып кеткен тұста «Менің атым Қожадай» көркем фильмнің түсірілмеуі – өкінішті жағдай.Техникалық тұрғыда сәнді еткенімен, мәтіні, мағынасы тұрғыда шендеспейтін фильмдер әлбетте ретрокиноның маңынан айналып жүре алмайды.
Нұрлан ҚАЗИҰЛЫ