Арал ауданы: Екі күн ішінде құжатсыз көлік жүргізген 30 адам анықталды
Қызылордалық полицейлер профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының Арал ауданы көлемінде және оған қарасты елді мекендерде жалпы криминогендік ахуалды сауықтыру, көшелер мен қоғамдық орындардағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкерлері, патрульдік полиция қызметкерлері және жылдам қимылдайтын арнайы жасақтан құралған жұмыс тобы Арал ауданының полиция бөліміне тәжірибелік көмек көрсетуде. Сондай-ақ жедел профилактикалық шолулар ұйымдастырып жатыр.
Іс-шараға Полиция департаменті қызметкерлерімен қатар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Олар халық көптеп шоғырланатын аймақтарды патрульдеу, криминогендік ахуалы күрделі деген әкімшілік аймақтарға рейдтік шолу жұмыстарын жүргізуде.
«Аудан көлемінде өткізіліп жатқан рейдттік іс-шараның 2 күнінде 100-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Оның ішінде автокөлікті тиісті құжатсыз басқарғаны үшін 30-ға жуық автокөлік ақылы айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұратын тұлғалар мекен-жайларынан тексеріліп, олармен қылмысқа қайта жол бермеуін түсіндіру және қадағалау шаралары жасалуда», – делінген полиция департаментінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметінде.
Бұл бағыттағы іс-шаралар облыстың басқа аудандарында да жалғасын табады.