Қалалық семинар: оқырмандарды кітапханаға қалай тартамыз?
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату аясында Қызылорда қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің кітапханашыларына арналған кезекті семинар-тренинг өтті. Зияткерлік мектептің мамандары келушілерге оқушылар арасында оқуға деген қызығушылықты дамыту және сауаттылығын арттыруға бағытталған мектеп жобаларын таныстырды, деп хабарлайды «oldkaz.kyzylorda-news.kz» АА.
PISA білім алушылардың біліктілігін бағалау бойынша Халықаралық бағдарламаға сәйкес, балаларды жастайынан кітап оқуға баулу оның жоғары жетістіктерге жетуге үлкен мүмкіндік береді. Осы ретте, бүгінде оқырмандарды кітапханаға көбірек тарту мектеп кітапханашыларының күн тәртібіндегі негізгі мәселесіне айналды.
Семинар-тренинг барысында Зияткерлік мектептің педагог-кітапханашылары мектеп қауымдастығы арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған үлкен жобалары мен әдістері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтқанда, кітап оқу арқылы ата-ана мен оқушы арасындағы байланысты нығайтып, отбасында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Book Start»жобасын ұйымдастыру, оқушылардың оқыған кітаптарын өзге мектеп оқушыларына сыйлау «Вookсrossing»әлемеуметтік акциясының өткізу барысымен таныстырды.
Дүниежүзілік кітап күнін атап өту маңыздылығына тоқталып, сол күнде «Күткен тосын сый», яғни оқушылар, ата-аналар, мектеп қызметкерлері арасында өздері қалаған кітаптарды иелеріне сыйлау акциясын жоспарлау жұмыстарын көрсетті.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылароқылған кітаптарды көпшілікпен бөлісуге бағытталған «READx» жобасы, оқушыларды түрлі оқулықтармен таныстыруға арналған «BookTaste» шарасын өткізу барысын тәжірибеде таныстырды.
«Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға міндетті 100 кітап» және «123 кампаниясы», яғни 30 күн ішінде оқушылар 20 минут бойы белгілі бір кітапты оқып, 3 минутта пікірін қалдыруға бағытталған жобалар қалалық кітапханашыларды ерекше қызықтырды.
Айта кетейік, шараға 30-дан астам кітапхана қызметкерлері қатысты. Жүргізілген кері байланыс нәтижесінде кітапханашылар семинардың маңыздылығын атап өтіп, заманауи әдістерді меңгеруде аса белсенділіктерін байқатты.