Жаңақорғанда 500-ден аса жас кәсіпкер бар
Жаңақорған ауданында "Жаңақорған жастары жарқын болашаққа" атты аудан жастарының форумы өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Жаңақорған тынысы» газетіне сілтеме жасап.
Форумда аудан жастары өткен жылды қорытындылап, жеткен жетістіктермен алдағы жоспарларды саралады.
Форумға "ЮНЕСКО-ның" Қазақстандағы вице-президенті Ғани Бисенбаев, Түркістан облысы ауыл жастары одағының төрайымы Сабира Байзақова, "Содружество Қызылорда" қоғамдық қорының әлеуметтік-кәсіпкерлікті дамыту жобасының жетекшісі Азамат Жаппасов, "Жас Проджект" жобасының Қызылорда облысы бойынша кардинанты Баян Егізбаева және Қызылорда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов қатысты. Сонымен қатар форумға Түркістан облысы және Шиелі ауданынан делегаттар келді.
Ең алдымен аудан жастары форумға қатысушыларға "Жас Проджект" жобасы арқылы жеңімпаз атанғандар жастардың қолөнер бұйымдары көрмесін келген көрсетті. Форумға қатысушылар жоба жеңімпаздарына жоғары баға берді.
Жастар форумына қатысқан аудан әкімі Ғалым Әміреев алғы сөз сөйлеп, жастарға алдағы жылға сәттілік тіледі.
«2018 жыл аудан жастары үшін табысты жыл болды. Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы жастардың саны өсіп, жұмыссыздық деңгейі азайды. Былтырғы жылдың қорытындысымен Жаңақорғанда жас кәсіпкерлердің саны 530-ға жетті. Ит жылында 247 жас жұмыспен қамтылды. Биылғы меже бұдан да биіктен көрініп, ауданның өркендеуіне өз үлестерін қосу керек. Біз жастарға сенеміз, өйткені жастар біздің болашағымыз», – деді аудан әкімі.
Форумға қатысушы қонақтар да тың жобаларымен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Жаңа идеялар аудан жастарының кәсіппен айналысуына ынтасын ашып, қанаттандырып тастады.
Форум барысында ауданның белсенді жастары да сөз алып, алдағы жоспарларын таныстырып, болашаққа нық қадам басуға шақырды.