Мемлекет есебінен қалай жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуға болады?
Мамандығыңыз талапқа сай болмағандықтан жұмысқа орналаса алмай жүрсеңіз, немесе жоғары, тіпті орта арнайы біліміңіз жоқ болса, мемлекеттен көмек сұрай аласыз. Жыл сайын Үкімет елдегі жұмыссыздықты жою мақсатында бюджеттен миллиардтаған қаржы бөліп отыр. Өткен жылдың өзінде кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін қазынадан 14,6 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа 108 мың адам оқытылды, оның 68,4 мыңы қысқа мерзімді курстардан өтсе, 58%-ы жұмысқа орналасты. Informburo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көмегімен тегін курстарден кімдерге, қалай өтуге болатынын, одан кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері бар ма, жоқ па деген мәселелер туралы зерттеп көрді.
№1. Кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асады?
Үкіметтің 2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламасының аясында төмендегідей оқыту түрлері қарастырылған:
•ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы кәсіптік білімі жоқ жастарды 2,5 жыл мерзімдік техникалық және кәсіптік оқытудан өткізу;
•ҚР Еңбек және халықты әлеуметтікқорғау министрлігі арқылы жұмыссыздарды, қысқарып қалған жұмыскерлерді, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандарды 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту (қысқа мерзімді курстар) ұсынылады;
•ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы кәсіпкерлікке ниет танытушылар "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқи алады.
№2. Қандай мамандықтар бойынша оқыту жоспарланған?
Нарықта сұранысқа ие мамандықтарға оқытылады. Сұранысты аймақтағы еңбек нарығының құрылымына қарай жергілікті атқарушы билік анықтайды. Мәселен, 2017 жылы адамдардың басым бөлігі қызмет көрсету (27%), тамақтандыруды ұйымдастыру (16%),жеңіл өнеркәсіп (9%) және техникалық мамандықтарға (23%) оқытылды.
Жұмыс берушілер мен бағдарламаға қатысушылардың арасында кең таралған бес мамандық:
•Аспазшы (8796 адам оқытылып, 8472 адам оқуды аяқтады, 59% жұмысқа орналасты);
•Тігінші (5759 адам оқытылып , 5611 адам оқуды аяқтады, 58,5% жұмысқа орналасты);
•шаштараз (5631 адам оқытылып, 5375 адам оқуын аяқтады, 60,1% жұмысқа орналасты);
•Газ-электр дәнекерлеуші (4529 адам оқытылып, 4204 адам оқуын аяқтады, 67,2% жұмысқа орналасты);
•Тракторист-машинист (4179 адам оқытылып, 4001 адам оқуын аяқтады, 73% жұмысқа орналасты).
№3. Кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларына кімдер қатыса алады?
Бұған 9-11 сынып оқушыларынан бастап, зейнетке жасы жетпеген жұмыстан қысқарып қалғандар, жұмыссыздар, өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтығандар қатыса алады.
№4. Мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысуға болады?
Ол үшін азаматтардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінулері қажет. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат болуы тиіс. Ал, селолық елді-мекен тұрғындары жергілікті әкімге жүгінеді.
№5. 2018 жылы оқытуға қанша квота бөлінді?
2018 жылы 88 мың адам оқытылды:
Техникалық және кәсіптік оқыту – 21 мың адам;
Қысқа мерзімді курстарда – 37 мың адам;
"Бастау Бизнес" жобасы бойынша – 30 мың адам.
№6. Кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламалары арқылы жұмысқа орналасуға бола ма?
Бағдарлама шарттарына сәйкес қысқа мерзімді кәсіптік оқуларды аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталықтары "Халықты жұмыспен қамту туралы" ҚР заңына сәйкес бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша орталыққа жүгінген азаматтарды тұрақты және мерзімдік жұмыстарға орналастыру қарастырылған.
№7. Жастар тәжірибесі дегеніміз не?
Жоғарғы оқу орнын, колледж, лицейді бітірген жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау. Атап айтқанда, алған мамандықтары бойынша жұмыс тәжірибесін жетілдіре отырып, әрі қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыру.т
№8. Жастар тәжірибесінен кімдер өте алады?
Бағдарлама 29 жастан аспаған, соңғы үш жылдың ішінде диплом алған жұмыссыз түлектерге арналған.
№9. Қандай кәсіпорындарда жастар тәжірибесінен өтуге болады?
Зиянды және қауіпті өндіріс орындарынан басқа кез келген кәсіпорындардан өтеді. Бір жылдан аса уақыт ішінде жалақыдан ешбір қарызы жоқ, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді уақтылы жүргізіп отырған жұмыс берушілер бағдарламаға қатыстырылады. Жыл сайын 1 қарашаға дейін халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерден келесі қаржылық жылға тәжірибеге еңбек өтілі жоқ жас мамандарды жұмысқа алуға өтінімдер қабылдайды.
№10. Жастар тәжірибесі қанша мерзімге созылады?
Бағдарламаға сәйкес тәжірибеден өту мерзімі 6 айдан аспайды.
№11. Бағдарламаға қатысшылардың жалақысы қанша?
Тәжірибе кезінде оларға ай сайын 25 АЕК – 60 125 теңге жалақы төленеді.