Қызылордалық тұрғын «үй алып беремін» деп адамдардан миллиондаған ақша алған
Қызылордалық 40 жастағы азамат бес адамға үй алып беремін деп ақшаларын алып, алдап кеткен, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Qyzylorda арнасына сілтеме жасап.
Осы іске байланысты сот үкім шығарды. Оңай ақшаны олжалап келген қала тұрғыны қанша жылға сотталды?
«2016 жылдан бері талайды тақырға отырғызып келген Арыновтың алдау әрекеті бір-біріне ұқсас. Әуелі, «әкімдікте үй алып беретін мықты танысым бар, не өзім сонда жұмыс істеймін» деп сендіреді. Ал ақшаны қалтаға басқан соң, тайып тұрады екен. Өкініштісі, табан астында баспаналы боламын деп басын ұстап қалғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Жанашыр рөлінде жүріп оңай ақшаны олжалап келген Арынов енді жазасын темір тордың ар жағында өтейтін болады», – дейді жәбірленуші Серікгүл Жүсіпназарова.
Қызылорда қалалық №2 соттың судьясы Күмісбай Қосекеевтің айтуынша, сотталушы бес адамнан 10 миллион 500 мың теңгеге жуық ақша алған көрінеді. Жымқырған сома мұнан да көп болуы мүмкін. Өйткені бұл тек арызданған жәбірленушілер келтірген дерек қана. Сот барлық қарызын өтеуге үкім етті. Қынжылтарлығы, соңғы жылдары осылай қой терісін жамылып, қан қақсатқан қулар азаймай отыр.
«Қазір Арыновтың серіктесіне іздеу жүргізілуде. Оған да арызданушылар бар. Құрықталса, тағы да жаңа деректердің беті ашылуы мүмкін»,- Қызылорда қалалық №2 соттың судьясы Күмісбай Қосекеев.