Қызылордадағы балалардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қызылордада өрт салдарынан үш бала көз жұмды, екі ересек ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
9 қаңтарда сағат 19:29-да өртке қарсы қызмет бөліміне «Наурыз» саяжайындағы жеке үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Арнайы бригада оқиға орнына 15 минут шамасында жетіп, қызыл жалынды 10 минутта ауыздықтады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін жанып жатқан үйден 2011, 2012 және 2014 жылы туған үш бала шығарылған. Алайда түтінге тұншыққан балалардың екеуі оқиға орнында, ал біреуі жедел жәрдем көлігінде аурухана жетпей көз жұмды. Өрт сөндіруге облыстың төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 19 адам және 7 бірлік өрт сөндіру техникасы қатысты. Балаларды өрт ішінен алып шыққан екі туысы да түтінге улану фактісі бойынша облыстық медицина орталығына жатқызылған.
Раушан Бақтыберлина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Екі ересек облыстық медицина орталығына жатқызылды, біреуіне ем көрсетіліп, үйге шығарылды. Біреуі қазіргі таңда облыстық медицина орталығының терапия бөлімінде ем қабылдауда, жағдайы орташа.
Асқар Төлешов, облысық ТЖД бастығының орынбасары:
- Полиция қызметкерлері де айтты ғой, қылмыстық іс қозғалды, сол тергеу ретінде бәрі анықталады. Біздің өрт-техникалық зерттеу лабораториясының қызметкерлері басында жұмыс істеді. Қорытындысын шығарады, полиция қызметкерлеріне беріледі. Полиция қызметкерлері әрі қарай тергеу ретінде жұмыстарын істеп кінәлі анықталады.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында оқыс оқиға орын алып, улы газдан бір отбасының 3 адамы қайтыс болды. Олардың біреуі отағасы болса, екеуі – балалары. Ал анасы қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Қайғылы оқиға кеше кешкі мезгілде болған.