Баспасөзге шолу. Жастар жылы – флешмоб жылы болмауы керек
“oldkaz.kyzylorda-news.kz” ақпараттық агенттігі бүгіннен бастап Сыр өңіріндегі мерзімді баспасөзге шолу жасайды. 9-10 қаңтар күндері жарыққа шыққан газеттер қандай мәселелерді көтерді? Бірге шолып шығайық.
«Сыр бойы» газеті. Отандық ғылымда көшірмеден көз сүрінеді
90 жылдық тарихы бар ата басылымда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешовтің сұхбаты жарық көрген. Онда ол өзінің ғылым жолына қалай түскені, жеткен жетістіктері, ғылымдағы өзекті мәселелер төңірегінде баяндаған.
Ғалымның айтуынша, көлік жарығын көзге түсірмейтін жаңалық ойлап тапқан.
«2003 жылы бала-шағамызбен көлікте келе жатып аварияға түстік. Құдай оңдап, аман қалдық. Аварияны тудырған себеп қарсы келе жатқан көлік жүргізушісінің түнде жарықты азайтпауы еді. Осындай себеппен күн сайын қаншама адам көз жұмады. Әлгі жағдайдан кейін «мұны шешудің жолы болу керек қой» деп ойладым. Мен ашқан жаңалық бойынша қарсы беттегі көліктің жарығы келесі көліктегі адамға көрінбейді әрі әсер етпейді. Өкінішке қарай, бұл әдіс пайдаланылмай тоқтап тұр... Бірақ өндіріске енгізілмей, шаң басып жатқан жаңалық жетіп артылады. Мысалы, көмір шахталарын қопарылыстан сақтаудың амалын таптым. Мен құрастырған қондырғы газ көпіршігінің жиналуына тосқауыл қояды. Нәтижесінде адам шығынын азайтуға мүмкіндік туады. Бұл өнертабыс туралы көп жерде айттым, бірақ селт еткен ешкім жоқ. Ең тұрақты деген металдың өзі «патша арағын» құйғанда еріп кетеді. Ал титан ондай емес. Бүкіл әлем осының себебін таба алмай келді. Біз оны ерітуге мүмкіндік беретін жаңа құбылыс ойлап таптық. Бұл – қазақ ғылымының үлкен жетістігі», – дейді ғалым.
Сонымен қатар, Ә.Баешов ғылым саласындағы ең күрделі мәселе жалақының аздығы екенін жеткізді.
«Өзінің жыртығын жамай алмай жүрген адам ғылыми нәтижеге қол жеткізеді дегенге сену қиын. Ғылым саласын дамытпаған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Ендеше, бұған бейжай қарауға болмайды... Ғылыми атақтың бәрі бар менде. Соған қарамастан, еңбекақымның көлемі – небәрі 83 мың теңге. Докторлық дәрежем үшін оған 48 мың қосылады», – дейді әлемге әйгілі ғалым.
Бұдан кейін, өнертапқыш ғалым ұстаздарын еске алып, музыкаға әуестігі жайлы ой өрбітеді. Мағыналы сұхбатты жүргізген журналист Назерке Саниязова.
«Сыр бойы» газеті.Бір аулада үш келін
«Кең бөлменің терезесінен күн сәулесі төгіліп тұр. Ұзына бойы жайылған дастарқан басындағы буырқанған самаурынға кіші келін Гүлмира ие. Төрде Айткүл апам, төмен қарай жағалай отырған Қараман ұстаз екеуінен өрбіген ұлағатты ұрпақ.
«Балалы үй – базар» деген аталы сөздің астары терең ғой, шіркін. Көңілінің ауласында немерелер шапқылап, құлын-тайдай ойнақтап жүр. «Бүгін қазан Мұхамеджанның үйінде қайнады» деген әз ананың жүзі нұрланып отыр. Мұхамеджан – кенже ұлы. Үш ұл да алысқа ұзамай, қарашаңырақтың ауласына отау тіккен. Қоғалыкөлдегі ағайынды үш ұл қатар орныққан осы шаңырақ.
– Отбасы мүшелерінің әрбірі ауызбіршілікте болса, кез келген қиындықпен бірге күресе білсе, сол шаңыраққа бақыт ұялайды. Міне, үш ұлымның ешбірі алысқа ұзамай бәрі бір аулада тұрып жатыр. Қазан қай үйде қайнаса, бәріміз сол үйге барамыз. Бізде сенікі, менікі деген ұғым жоқ, – деді Айткүл Биқожақызы».
Тілші Дәулет Қырдан қалам тербеген бұл әулеттің бірлігіне көпшілік қызыға да, қызғана да қарайтыны рас. Олай болса, мақаланы толығырақ «Сыр бойы» газетінен оқи аласыздар.
.
Ерлер жейделерін шығаратын «Dalatex» ЖШС-нің директоры Ділмұхамед Абызовтың тілші Жансая Елубайқызына берген сұхбаты оқырманға ой салары анық. Кәсіпкер киім өндірісі саласына қалай келгенін, кәсібінің қандай қыр-сыры барын әңгімелейді.
«Бізде негізі қызметкер қыз-келіншектердің 80 пайызы тігін мамандары емес. Арасында экономист, заңгер де бар. Сол түрік елінен келген азамат қалай тігу керектігін, бәрін үйретті. Оның алдында өзіміз де 1-2 аптамызды оқытуға жұмсадық. Қазір қарамағымда 40 шақты адам жұмыс істейді», – дей келе кәсіпкер киім тігу мол табыс әкелмейтінін жеткізді.
«Негізі бұл салада нан жей алмаймыз. Шыны керек. Егер нақты айтатын болсақ, Қазақстанда киім тігумен айналысып жатқандар жоқтың қасы. Өйткені бұл сала тиімсіз. Шығын көп», – деген Д.Абызов бұл саланы таңдау себебін өзбектерден қалып қоюдан қорыққандығымен түсіндірді.
Кәсіпкердің айтуынша, біздегі ең үлкен қателік – ауадағы үлкен жобаларға көңіл бөлетінімізде.
«Өте шағын жобалар далада қалып қойып жатады. Тіпті, көзге ілінбейді де», – дейді ол.
Д.Абызов бір топ қызылордалық кәсіпкерлерді Түркия елінің өндірістерін аралатуға, тәжірибе жинауға алып бара жатқанын да мәлімдейді.
Сонымен қатар ол: «Біздегі ең үлкен қателік –үлкен гиганттық жобаларға жүгінетініміз. Былайша айтқанда, гигантоманиямен ауырамыз. Мысалы, Шымкентте «Ютекс» деген компания болды. Матаны дайындауға қажетті жіп шығаратын мекеме бұл. Оған Қазақстанның «Даму» банкі ақша салды. Бір рет емес, екі рет. Өте көп қаржы кетті. Бірақ сол күйінше жұмыс істемеді. Қазір банкрот болып отыр. Оның себебі неде? Ең бірінші оған сұранысқа ие болатын осындай шағын мекемелерді көбейту керек. Қай кезде осындай шағын мекемелер Қазақстанның ішінде көбейеді, сол кезде мата шығаратын алып мекемелердің жұмысы жанданады. Мысалы, кабель шығаратын зауыт соққанымен, оны орнататын электриктер болмаса, ол кабель сатылмайды ғой. Қызылорданың деңгейін белгілі бір дәрежеге жеткізу үшін осындай мекемелер көп болуы керек деп санаймын», – дейді кәсіпкер.
«Халық» газеті.Ағаш ойыншық іздесеңіз, Аралға келіңіз
«Тоқсаныншы жылдары балалардың ермегі еміс-еміс есімізде қалыпты. Шыбықты ат қып міндік, сымнан машина жасадық, асық ойнадық. Асылында, қаланың қайнаған тірлігінен алыс жатқан ауыл балалары алданыштарын ойдан тауы¬п жататын. «Ғұлы-ғұлы» дегеніңіз есіңізде шығар? Ләңгі ше? Сол жылдары ата-аналар қара сирақ жүгірмектерін үйге шақыра алмай әлек болатын.
Қазір алыс-жақын шетелден тасымалданған ойыншықтар базар мен дүкен сөрелерінде самсап тұр ғой. Ойыншықтардың құрамы қандай? Бүлдіршіндердің ағзасына зиян емес пе? Бұған бас ауыртып жатқан біреу бар ма? Болса, неге бұл ақпараттар кеңінен айтылмайды? Ара-тұра осы ойыншықтың салдарынан балғындар түрлі дертке шалдыққанын естиміз. Ол аз десеңіз, компьютер, ұялы телефондар балалардың басты ермегіне айналды. Тиісінше, көзілдірік таққан қаракөздеріміздің қатары артты. Ал ата-аналар ұл-қызын үйден сыртқа шығарып, таза ауада бұрынғыша ләңгі мен асығын ойната алмай жүр», – деп жазады журналист Қозы Көрпеш Жасаралұлы.
Мақала авторы сырттан келіп жатқан ойыншықтардың бала денсаулығына зиян екенін айта келе Арал қаласындағы ағаштан ойыншық құрастырып шығарған шебер Әлнұр Жарқынбаевтың ісіне назар аудартады.
«Табиғи ағаштан қашалып жасалған ойыншықтардың бала ағзасына химиялық заттарға қарағанда, зияны жоқ екені даусыз. Ел ішінде шебер де, ұста да бар ғой. Тек оларға қолдау болса, қанеки! Ал, ағаш ойыншық іздесеңіз, Аралға келіңіз», – деп сөзін түйіндейді автор.
«Қармақшы таңы» газеті.«Шектеулі» деген шектеу емес
«Қоғам болғасын бәрі болады. Мінсіз қоғам түзілген емес. Сол азаматтық институттың ажырамас бөлшегі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Мемлекет те олардың қоғамнан тыс қалмауын жіті қадағалап келеді. Елбасы бір сөзінде мүгедектер үшін еліміздің кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін айтқан. Сол мүмкіндікті олар да пайдалануда.
Қазір оқшау қалған мүгедек жоқ, бірі – оқиды, бірі – кәсіппен шұғылданады, енді бірі – жұмыс істейді. Дені сау адамдармен иін тіресіп қарекет етуде.
Ғалымдар он екі мүшесі сау адамға қарағанда мүмкіндігі шектеулі кісілердің бойында құштарлық басым болатынын айтып жүр. Ол рас, құштарлықты қанат еткен адамдар ортамызда көп. Солардың бірі – Ерлібек Жармаханов. Кейіпкеріміз І топтың мүгедегі болса да, шамасынша тірлік етіп, қоғам тіршілігінен бір сәт қалыс қалған емес. Қолына етікшінің құралын алып нан табады. Алты баланы және одан тараған ұрпақтарды солай мұратына жеткізбек», – деп жазады мақала авторы Мағмар Мақсым.
Етікші Ерлібек Жармахановтың кәсібін сөз еткеннен кейін сән салонын ашқан мүмкіндігі шектеулі жанның жігеріне сүйсінеді.
«Мүкіс етемін десе, Құдай уақытқа не жасқа қарамайды. Қоғамнан көріп жүргеніміздей арбаға не төсекте тартылған жастар да жоқ емес. Бірақ, жайына қарамай жігерді желкен еткен жастар да бар. Солардың қатарында Ардақ Сәрсенов деген азамат та жүр. Бірнеше жыл бұрын көлік апатына ұшыраған кейіпкеріміз бар-жоғы 26 жаста. Денсаулығын дәрігерлер жіті қадағалайды екен. Екі-үш айда бір мәрте ауруханаға жатып алады. Соған қарамастан Ардақ былтыр «Zhas projest» бағдарламасына қатысты. Жеңімпаз атанды. 1 миллион теңге қаржыға жобасын жүзеге асырды. Бүгінде мүгедектігіне қарамастан Ардақ ашқан «Жанат» сән салоны халыққа қызмет көрсетіп келеді», – дейді мақала авторы.
«Қармақшы таңы» газеті.Борбайқап —төнген қауіп
Дастанбек Садықтың бұл көтерген мәселесі кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Қалың көпшілікті ұрпақ денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
«Қазір көбі бедеу. Қыз да – бедеу, ұл да – бедеу. Қаптаған белсіздік. Дендеген белсіздік. Белсіздік түбі – елсіздік. Ескерген кім бар? Он жыл отасқан екеу баласыз жүр. Отыз жыл отасқан екеу ұрпақсыз қап барады. Айтып отырғанымыз – парадокс емес, күйкі тірлікте көріп жүргеніміз. Кінәні қайдан таппақпыз? Ақауды қайдан іздемекпіз?
Бүгінде бар қазақтың баласының бұтында – бір-бір памперс... Жаялық жуу өткеннің еншісінде, кеткеннің көлеңкесінде қалды. Дүкен барсаң, мөлшер-мөлшерімен, өлшем-өлшемімен тұр әлгі жалаң бұттың жабындысы. Өліп-өшіп, жапатармағай алып жатыр бар қазақ. Атасынан қалған шапандай, шешесінен қалған кимешектей...
Түн ұйқысын қимайтындардың айын да оңынан тудырған – осы памперс. Баласының бұтын бұлтитып 24 сағат нәжісі мен зәрін арқалатып жүрміз. Әдетте жолға шыққанда не серуендегенде кигізілетін дүние күнделікті қолданыстың бір бұйымына айналды. Зиянын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ертеңшіл қазақ баланың борбайынан болашақтың ойбайын көрмей отыр ма? Бүгіншіл жастар баланың бұтынан елдің құтын қашырып отырғанын елемей ме?» – деп алаңдайды мақала авторы.
Сондай-ақ: «Бірде базардан шүмек іздеген орыс әжейді көрдім. Жағамды ұстамадым, кеудемді қуаныш кернеген-ді. Ол шүмегін бесікке салмағанда қайда қоймақ? Бесіктің құттыхана ұя екенін ескергені де. Ал біздің қазақ үсті таза, асты құрғақ, баланың жаны тыныштық табар бесіктен жерінді. Жерінердей не көрінді?» – деп жазады.
Мақала соңын: «Жұтынып тұрған жаһандану деген жұмыр заманда бізге қажеттісі – көбею. Балақтан тартқан батпаннан құтылмай жүргенде борбайдан алған бедеулікке жол береміз бе? Сенің балаң – қазақтың болашағы, елдің ертеңі. Ал, сен болашақты бұлыңғыр еткің келе ме?» – деп түйіндейді.
«Өскен өңір» газеті.Жастар жылы – флешмоб жылы болмауы керек
Шиелі ауданында жарық көретін «Өскен өңір» газеті «жастар жылында жастар мәселесін шешу үшін қандай қарекет керек?» деген сауалға жауап іздеген. Бұл туралы жас кәсіпкердің бірі Жамбыл Ерғали да ойын ортаға салады. Оның айтуынша, жастар жылының жариялануы – қуантарлық жайт.
«Бұл бізге жасалған құрмет деп түсіндім. Менің көзқарасым бойынша, жастардың негізгі проблемалары – білім алу, жұмысқа тұру және баспаналы болу. Бюджеттен бөлінген қаражат пайдасыз флешмобтарды өткізуге жұмсамай, жастарды мазалайтын мәселелерге мән берілсе деймін.
Жастарға ең алдымен сапалы білім керек. Мәселен, кәсіпкерлік бағытындағы білімді күшейтіп, заманауи технологиялар қамтылса, ғаламтор мен әлеуметтік желідегі бизнесті үйрету қолға алынса және шетелден тәжірибе жинақтау мен оқыту курстары ұйымдастырылса, жақсы болар еді.
Тағы бір мәселе — жұмыссыздық. Көпшілік жастар жұмысқа орналасу кезіндегі талаптардың ауырлығына байланысты қалаған қызметіне тұра алмай жатады.
Баспана мәселесі де өзекті. Жұмысы, табысы тұрақты азаматтарымызға тұрғын үй алуға түрлі бағдарламалар бар. Дегенмен, тағы да сол жалақының аз мөлшерінің кесірінен көбінің жағдайы келе бермейді. Сол себепті тұрғын үй алу үшін алғашқы жарнаның көлемі төмендетілсе деген ұсынысым бар. Бұл үйлі боламын деген жастарға үлкен сый болар еді», – дейді Ж.Ерғали.