Бала тәрбиесіне үлес қосатын мектеп жобалары таныстырылды
Қызылорда қаласындағы жалпы білім беретін мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Назарбаев Зияткерлік мектебінде бас қосты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие жұмысын ұйымдастыру тақырыбында өткен іс-шараға облыс орталығындағы 60-қа жуық тәрбие мамандары қатысты. Семинарда алғашқы сөз алған зияткерлік мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Жүсіпбекбала тәрбиесінде мектеп жобаларының маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды семинар бағдарламасымен таныстырды.Педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлжайна Сайфуллақызы оқушылардың ел тарихын танып білуге негізделген «Туған елге тағзым» өлкетану – зерттеу экспедициясының мақсат-міндеттерін түсіндіріп, оның жүзеге асырылуын тәжірибе арқылы көрсетті.
Семинар бағдарламасына сәйкес қатысушылар үш топқа бірігу арқылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тәрбие жұмысының ұйымдастырылу барысымен таныса алды. Зияткерлік мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторлары мектепте жүргізілетін «Қоғамға қызмет», «100 ән, 100 күй», «TEDX NIS клубы» тәрбиелік маңызы бар жобалар менжазғы әлеуметтік тәжірибелер туралы баяндады. Сонымен қатар, семинар қатысушылар педагог-психологтардың «Бала әл-ауқатын ұйымдастыру іс-әрекетінің ерекшелігі» тақырыбындағы ағартушылық семинар-тренингіне қатысу мүмкіндігін алды.
Шара соңында педагогтар зияткерлік мектепте жұмыс істейтін 40-тан астам қосымша білім беру үйірмеде балалардың ағаштан, қыштан жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.