Аймақта нашақорлықпен есепте тұрған азаматтардың саны азайған
2017 жылы облыстық наркология орталықтың есебінде 860 адам тұрса былтырғы көрсеткіш 127-ге кеміген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz Qyzylorda арнасына сілтеме жасап.
Былтыр 1688 емделуші наркологиялық диспансерлік бақылауда болып, тиісті емдік шараларын қабылдаған. Ал есепте тұратын 733 адамның 74-і 30 жасқа дейінгі жастарды құрайды. Нашақорлыққа бой үйреткендер санатында 17 жасар жасөспірім де бар.
Облыстық наркология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлайым Сейілханова 2018 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда 733 нашақор есепте тұратындығын айтты. Оның 81 пайызы облыс орталығына тиесілі. 196 адам 2018 жылы орталыққа алғашқы рет тіркелген. Ұзақ емделіп, есептен шығарылған науқастар да жоқ емес.
Өз еркімен орталықтың көмегіне жүгінетіндер де жетерлік. Олар өздерінің қателіктерін жастар қайталамаса екен дейді.
«Орталықта емделіп жатқан науқастардың арасында жоғары білімді, түрлі кәсіп иелері мен жақсы маман иелері де бар. Олар бұл зиянды әдетке отбасылық проблемаларға тап болып, ажырасқаннан кейін түсіп кетеді, - дейді психолог Гүлнар Әлібекова.
Өткен жылы орталықтың мәжбүрлеп емдеу бөлімінде 199 адам ем шараларын қабылдаған. Осы ретте мамандар мәжбүрлі емдеуден көрі өз еркімен емделген жандардың 90 пайызында жақсару нәтижесі байқалатынын айтады.